Ауқымды міндеттер сараланды

Уақыты: 16.03.2018
Оқылды: 1700
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текелі моноқаласында Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуіндегі ауқымды міндеттерді саралауға арналған қалалық актив жиналысы өтті.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, қаладағы мекеме, кәсіпорын басшылары, облыстың және Текелі қаласының Құрметті азаматтары, ардагерлер, қалалық мәслихат депутаттары, саяси партиялардың, этномәдени орталықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан алқалы жиында Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев Үндеудегі негізгі міндеттерді жергілікті атқарушы органдардың орындауы туралы баяндама жасап, заман талабынан туындап отырған өзекті мәселелерді түсіндіріп өтті.
Әрбір отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндігін беру бастамасы бойынша халыққа тұрғын үйдің қолжетімді болуы жолында қолға алынатын қадамдарға тоқталған қала әкімі «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында Текеліде бой көтерген жалдамалы 80 пәтерлі үйдің кілті кезекте тұрған аз қамтылған отбасыларға Наурыз мейрамында тапсырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие беруді көбейту, елді табиғи газбен қамтамасыз етуді жалғастыру бастамаларының жай-күйін таратып айтқан қала әкімі тиісті мекеме басшыларына әр бағыт бойынша тапсырмалар жүктеді.
Одан кейін «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев Елбасының барлық Жолдаулары, айқын бағдарламалары мен бастамалары адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мен Қазақстанды бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына қосуды көздейтінін атап өтіп, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының дер кезінде көтерілгеніне, қажеттілікке жауап беретіндігіне, көпдеңгейлі және нақтылы екендігіне тоқталды. Ол жаңа технологияларды, ғылыми жаңалықтарды оңтайлы пайдалану арқылы қарыштап дамыған елдердің өмір сүру салты туралы нақты мысалдар келтіріп, пилоттық жоба ретінде биыл Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Талдықорған қалаларының «ақылды қала» атануға қадам жасайтынын жеткізді.
Жиын барысында «Қазақстан Халық банкі» АҚ Текелі қалалық басқармасының директоры Рамиль Агапов, №8 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Любовь Федотова, Текелі кәсіптік колледжінің директоры Дәуболат Нүсіпов, Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов және «Текелі сүт зауыты» ЖШС директоры Геннадий Савинов сөз алып, өз салаларындағы әлеуметтік жаңғырулар туралы ой өрбітті.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА