Үлгілі сарбаз

Уақыты: 16.03.2018
Оқылды: 1776
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Ер-азамат майданда сыналады» деген бабаларымыз. Қазіргі таңда еліміз тыныш, іргеміз бүтін. Оның бәрі ішкі, сыртқы саясаттың дұрыс жүзеге асуы мен әскерде ел қорғап жүрген азаматтардың ерен еңбегінің арқасында екені сөзсіз. Жастардан: «Әскерге барасың ба?», – деп сұрай қалсаң, кейбіреуі: «Бір жыл уақытымды зая кетіргім келмейді», – деп жауап береді. Бірақ әскерге барып, Отанға қызмет ету ер жігітке парыз екенін түсінулері керек.

Алакөл ауданы, Үшарал қаласының тумасы Дархан Әбдешов қазіргі таңда «Айбын» Президенттік полкінде жауынгерлік борышын өтеу үстінде. Астана қаласында орналасқан «Айбын» Президенттік полкі 0112 әскери бөлімі Елбасы мен маңызды мемлекеттік нысандарды күзетке алады. Мұндай жауапкершілікті міндетке ие болған Дархан облысымыздың ғана емес, еліміздің де мақтанышы. Өйткені, аталмыш полкке қабылдану үшін өте жоғары деңгейдегі талаптар қойылатыны жасырын емес. Оның мінез-құлқы, денсаулығы және жеке қасиеттері, бәрі-бәрі сақадай сай болуы керек. Мұның бәрі Дарханның бойынан табылуы бала кезінен әскери азамат болуды армандап, оны түйсігімен сезінуінде деп білеміз.
Бүгінде Дархан Ерікұлы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Бұл алғашқы күннен бастап әскери міндеттің ауырлығын түсініп, жауынгерліктің қыр-сырын үйренуге ынты-шынтысымен кіріскендігінің нәтижесі. Осынысымен қатардағы сарбаздарға да үлгі-өнеге бола біліп, атыс даярлығында да үздік нәтиже көрсетіп жүр.
Сарбаздың жетістігі болашақ ел қорғайтын жауынгерлерге үлгі. Уақыттың зая кетуін емес, елінің тыныштығын алдыңғы қатарға қоятын Дархандай азаматтар көп болсын.

Б. ӨТЕУОВ,
«Айбын» Президенттік полкі 0112 
бөлімінің командирі