АЛАКӨЛДЕ 20 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Уақыты: 26.03.2018
Оқылды: 1309
Бөлім: КҮНДЕРЕК

 

Ұлыстың ұлы күнінде Үшарал қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген бес қабатты тұрғын үй халық игілігіне беріліп, жиырма отбасы қоныстойын тойлады.

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Ә.Жақанбаев жиналғандарды төрден орын алған төл мерекемізбен құттықтап, баспаналы болу бақыты бұйырғалы тұрған азаматтарға пәтер кілттерін табыстады. Көптен бергі армандары орындалған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Бірінің жанарын қуаныштан жас торласа, екіншілері езулерін жия алмады. Қоныстойында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Байбазаров ақ батасын беріп, тұрғын үй лентасын қиды. Дәмі кетпеген дәстүріміз бойынша шашу шашылып, пәтер есіктері ашылды.

Қолданысқа берілген көпқабатты баспана Үшарал қаласының шығыс беткейінде құрылысы басталған шағын ауданның алғашқы нысандарының бірі. Аталмыш тұрғын үйдің инфрақұрылымы толықтай ретке келтірілген. Жарық тартылған, судан тапшылық жоқ. Жылу мәселесі де шешілген. Бас мердігер «Бағалы Алакөл» ЖШС ғимарат құрылысына соңғы үлгідегі әрі төзімді материалдарды пайдаланған.  Көпқабатты үй жүз жылдық сынақтарға шыдас берердей тұрғызылған. Жобаның жалпы құны 137 миллион теңгені құрайды.

Бір айта кетерлігі, пәтер кілттері кезекте тұрған азаматтарға, ерекше күтімді қажет ететін жандарға, көп балалы аналар мен мемлекеттік қызметкерлерге табысталды. Бұдан бөлек, шағын ауданда жиырма, алпыс пәтерлі бірнеше тұрғын үй, мектеп ғимараттары бой көтермек. Сонымен қатар, осы маңда орталық саябақ (құны 338 миллион теңге) пен «Туған жер» бағдарламасы негізінде  жерлесіміз С.Мыңбаевтың демеушілігімен спорт кешені (құны 550 миллион теңге) салынуда.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы