"КӨП НӘРСЕНІ АЙТУҒА БОЛАДЫ": ТҰРАР РЫСҚҰЛОВҚА - 125 ЖЫЛ

Уақыты: 10.12.2019
Оқылды: 1779
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы «Ұлы Дала тұлғалары» орталығының ұйымдастыруымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған «Әлемдік деңгейдегі саяси тұлға» атты тарихи-танымдық дәріс өтті. Онда Алаш арысының қоғамдағы орны, тұлғалық қасиеті айтылып, ол туралы зерттеулердің болашақ бағдары сөз болды.

– Тұрар Рысқұлов жайлы көп нәрсені айтуға болады. Әсіресе, қазақ даласындағы қолдан жасалған ашаршылықты айыптап, Сталинге хат жазғаны, Түрксіб теміржолын салудағы белсенділігі мен қайраткерлігін айқындай түседі. Ең алдымен еңбегі әлемдік деңгейде еленген санаулы қазақ зиялысының бірі екенін ұмытпағанымыз абзал. Оның мұрасын келешек ұрпаққа аманаттау басты парызымыз, – деді Абай атындағы ҚазҰПУ-дің бірінші проректоры Мақтағали Бектемесов.

Осыдан кейін сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев Тұрар Рысқұлов және оның замандас-отандастары Қазақстандағы советтік құрылыс туралы баяндама оқып, тұлғаның жалпытүркілік идеясын таныстырды.

Расында, бүгінде Тұрар Рысқұлов туралы сан түрлі пікір бар. Оның бірі – таза большевик, коммунист болды деген ұғым. Екіншісі – пантуркистік ұйымның жетекшісі деген біржақты ұстаным, үшіншісі – белгілі бір рудың, жүздің, аймақтың өкілі ретінде бағалау. Мәмбет Қойгелдиевтің пікіріне сүйенсек, үш түрлі пікір де дұрыс емес. Есесіне, оның тұлғасы бұл үшеуінен әлде қайда биік. Ол жайлы кезінде Мұхаметжан Тынышпаев пен Міржақып Дулатов өз бағасын беріп кеткен.

Шара аясында өзге де ғалымдар мен тұлғатанушылар Тұрар Рысқұловтың жұрт білмейтін  сан қырын жайып салды. Сол барыста тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков осыдан бір ғасыр алдындағы Қазақстанның саяси ахуалына талдау жасай келе, Тұрар Рысқұлов Түркістан жерінде Түркі кеңестік Республикасын құру керек деген бастама көтергенін және оның бұл ұсынысын  Мұхаметжан Тынышпаев пен Мұстафа Шоқай қолдағанымен коммунистер жағынан ескерілмегенін еске салды. Сол қатарда жазушы, тарихшы Бейбіт Қойшыбай,  журналист-жазушы Көлбай Адырбекұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай ұлт қайраткерінің болмысы мен баспасөздегі орны, мұрағатта сақталған суреттерінің тарихы жайлы тұшымды пікірлерін ортаға салып, өзгеше ойларымен көптің қызығушылығын арттырды.

Танымдық дәрістен студенттер үлкен тағылым алып қайтты.

Әсел НАЗАРАЛЫ,

ҚазҰПУ жанындағы «Ұлы Дала тұлғалары» орталығының ғылыми қызметкері

Сурет ғаламтордан алынды