"ОЙЛАМАДЫҚ": ЖЕТІ ЖІГІТ КӨКПАР ТАРТҚАНЫ ҮШІН ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Уақыты: 11.12.2019
Оқылды: 1117
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда қазақтың ұлттық спортын жаңғыртып жүрген бір топ көкпаршы заң алдында жауапқа тартылды.

Облыс орталығының көшелерінде көкпар ұйымдастырған қазақ жігіттерінің бейнематериалы әлеуметтік желі арқылы тез таралып, кейбір қала тұрғындарының наразылығын тудырды. Полицейлер оқиғаның ізін суытпай бірнеше сағаттың ішінде күдіктілердің бірін - Текелінің 27 жастағы тұрғынын ұстады. Артынша, тәртіп сақшылары қалалық полиция бөліміне жеткізілген көкпарға қатысушылардың қалған мүшелерін анықтап, қамауға алды.

- Барлығы жеті заң бұзушы ұсталды. Олардың көбі Ескелді ауданының тұрғындары. Олардың қала маңындағы ауылдардың бірінде көкпар тартқаны анықталды. Ұлттық ойынға ынталы шабандоздар қала аумағына өтіп, көкпар тартуды облыс орталығының көшелерінде ары қарай жалғастырған. Ұсталғандар қазір жауапкершілікке тартылды, - деді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз өкілдері.

Заң бұзушыларға қатысты жиналған материалдар сотқа жіберілді. Олардың әрқайсысы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Көкпаршылар заң алдындағы кінәларын мойындап, бейнеүндеу арқылы көпшіліктен кешірім сұрады. "Біз Талдықорған қаласына кірген көкпаршылармыз. Осы жақтан кіріп, ауылға қайтып бара жатқанбыз. Содан халықтың ашуына тиеміз деп ойламадық. Кешіріңіздер, сонымен кірдік те, қайттық. Кешірім сұраймыз", - дейді көкпаршы жігіттің бірі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"