БӨЛЕКСАЗ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ СЫРҚАТТАРҒА 1000 ЛИТР ҚЫМЫЗ ТАРАТТЫ

Уақыты: 18.08.2020
Оқылды: 1341
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлемді жайлаған тәжтажал елімізді де шарпыды. Беймезгіл кетіп қалған бірегей тұлғаларды, небір аптал азаматтарды ойласақ, қабырғамыз қайыса түседі. Осындай шақта ел мен жұрттың бекем бірлігі, соған орай жасар іс-әрекеті сынға түсіп жатады. Рас, бастан өтіп жатқан жағдайға түсіністікпен қарап, жүрегін ауырта, жанын мұңайта «сырқатты жандарды қайтсек аман алып қаламыз» деп қолынан келгенше қолдау көрсетіп жатқан азаматтар баршылық.

Кеген ауданындағы Жасұлан Өмірзақ бастаған Бөлексаз ауылдық әкімдігі, Қызай Бейсен, Айбар Сүлеймен және Ұлжалғас Бабалиева бастаған ауылдық ақсақалдар кеңесі, жастар ұйымы, аналар кеңесі өзара ақылдаса келе игілікті шаруаны қолдарына алды. Олар Алматы қаласында ауырып жатқан сырқаттар үшін қымыз таратып шығуды жөн көрді.

Қымыз – ежелден келе жатқан ұлтымыздың қастерлі де қасиетті сусыны. Аурға шипа, сауға қуат болған сусынның денсаулыққа пайдалы екенін ғалымдар дәлелдеді. Емдік қасиеті де мол қымыздың қазір бағасы артқан. Оған сұраныс та көп. Ауылдағы қоғамдық ұйымдардың ұйғарымын ауыл тұрғындары, жайлау төрінде отырған малшылар бірауыздан қолдаған. Сөйтіп, бір күннің ішінде мың литр қымыз, жүз келі құрт сырқат жандар үшін жиналды.

Жиналған қымыз бен құртты Бөлексаз ауылының әкімі Жасұлан Өмірзақов бастаған азаматтар облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасына, Алматы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына, қалалық балалар жұқпалы ауруханасына және Талғар ауданындағы Бірлік ауылдық провизорлық орталығына Кеген ауданының атынан таратып берді. Қымызды жеткізуге өзінің жүк көлігімен қолдау көрсеткен Қайрат Жолдыбайдың да атына алғыс білдірген артық емес.

Адамзаттың амандығын тілеген Бөлексаз ауылының әкімі Жасұлан Өмірзақов осынау іске атсалысқан жандарға алғыс айтты. «Біз халық үшін ештеңені аямаймыз. Көңіл қымбат екенін түсінген азаматтарға рақмет. Ең бастысы – аурухана төсегінде жатқан қандастарымыз құлан таза айығып, отбасына оралса дейміз. Қиын кезеңде басымыз аман, бауырымыз бүтін, жұртымыз тыныш болсын», – деді ауыл әкімі.

Сырқатты жандар жайын ойлаған, қымыздарын қамдаған ауылдағы ағайын да аман болсын!

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы