"ӘКІМДІК МҰНДАЙ ЖЕР БАРЫН ҰМЫТЫП КЕТКЕН СИЯҚТЫ": ҚОҚЫС БАСҚАН ЖАҒАЛАУ

Уақыты: 19.08.2020
Оқылды: 1459
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы Азат ауылының тұрғындары қоқысқа толы өзеннің жағасын бейнекамераға түсірді. Олар Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің бұл мәселеге назар аударуын сұрайды. Бұл жайлы желідегі материалға сілтеме жасап Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.

Видеодан қоқысқа толы Талғар өзенінің жағасын көруге болады. Тұрғындардың айтуынша, мұнда қоқысты жөн-жосықсыз төгу салдарынан осындай үйінді пайда болған.

- Бұл қоқыс Талғардағы саяжайлардың маңында тұр. Біздің ойымызша, әкімдік мұндай жер барын, онда адамдар тұратынын ұмытып кеткен сияқты. Мұнда жол да жоқ. Балалар Талғардағы мектепке жаяу барады. Жанымызда Талғар өзені тұр. Ол қоқыс алаңына айналып кетті. Себебі қоқысты алып кету дұрыс жолға қойылмаған. Мұнда көпір бар. Ол арқылы Кеңдала ауылына баруға болады. Бірақ көпірден өту өте қауіпті.Әсіресе, кешке. Ал қыста бұл жерде жүру мүмкін емес. Біз бұл ақпарат Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігіне жеткенін қалаймыз, - дейді желідегі видеоның авторы.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі осы мәселеге байланысты қоқысты жөн-жосықсыз тастау салдарынан қоқыс үйіндісі пайда болып жатқанын атап өтті. Оған мысал, Еңбекшіқазақ ауданындағы Азат ауылы. Министрлік өкілі бұл учаске бақылауға алынғанын жеткізді

"Экология министрлігі қазақстандықтардан орынсыз тасталған қоқыс үйінділерін көрсе, оны фото және видеоға түсіріп, +7(775)952-49-00 нөміріне жіберуді сұрайды. Министрлік қажет ақпаратты алған соң оны жергілікті органдарға, әкімдіктерге жібереді. Кейін олар қажет жұмыстарды жүргізеді", - дейді министрліктің баспасөз хатшысы Самал Ибраева. Сондай-ақ, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі экология туралы заңды бұзғаны үшін айыппұл мөлшерін көтеруді жоспарлап отырғанын жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"