"ЛИЦЕНЗИЯСЫНАН АЙЫРЫЛАДЫ": ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ ДӘРІ-ДӘРМЕК БАҒАСЫН ТЕКСЕРДІ

Уақыты: 19.08.2020
Оқылды: 1090
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов Қапшағай қаласына жұмыс сапармен келді. Іссапар барысында ол қалалық активпен кездесіп, тұрғындармен қоғамдық қабылдау өткізді.

Тұрғындар тарапынан жарық, жылу, интернет, тұрғын үй кезегі сияқты бірқатар сауалдар қойылды. Бұл мәселелерді Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев өз жауапкершілігіне алды. Одан әрі департамент басшысы қалалық емханаға арнайы соғып, ондағы материалдық-техникалық базамен танысып, дәрі-дәрмек қоры мен қажетті құрал-жабдықтардың жеткілікті екеніне көз жеткізді.

Індеттің ушыққан дүрбелең сәтінде мұнда 300-дей адам ауруханаға жатқызылған. Қайтыс болғандардың саны 30-дан асып-жығылады. Ал қазіргі уақытта 70 адам ем алуда. Көз жұмған науқастардың ішінде хирургия бөлімінің меңгерушісі, білікті дәрігер Виктор Ким де бар. Қалалық аурухана басшысы Айман Рақышева осы бір алақұйын қиын сәтте жан-жақтан ауырған халық бізге қарай ағылды дейді. Себеп - жүйелі жұмыс пен қол ұшын беріп көмек көрсеткен ел азаматтарының арқасы. 30 млн-ға жуық қаражатқа дәрі-дәрмектер, тыныс алу құрылғылары жеткізілген.

Ернар Әбсейітұлы бүгінгідей қиын кезеңде тік тұрып қызмет етіп жатқан ақ халатты абзал жандардың орасан зор еңбегіне алғысын білдірді. Сонымен қатар, қаланың бірнеше дәріханасына бас сұғып, ондағы дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығына көз жеткізді.

Ернар Әбсейітұлының айтуынша, облыс көлемінде 140, Қапшағай қаласы бойынша дәрі-дәрмек бағасын күрт өсірген 18 әкімшілік құқықбұзушылық ісі анықталған. Олар айыппұл төлеп, ескерту алды деп отыр. Ол кісі өз сөзінде: «Бұл жағдайды қатаң бақылауға алып отырмыз. Заңды бұзғандар енді  айыппұлмен ғана құтылмайды, лицензиясынан айырылады», - деп қадап айтты.

Агенттік басшысы бұдан әрі «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша жол жөндеу жұмысын, «Қапшағай жылу» мекемесінің көгілдір отын жүйесін жүргізу ісін көріп, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерімен жүздесті.

Мақпал МЫСА

Қапшағай қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан