"БӘРІ БІР ҒИМАРАТТА": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ БІР СЕРВИСТІК ӘКІМДІК АШЫЛДЫ

Уақыты: 21.08.2020
Оқылды: 1437
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын және халыққа мемлекеттік қызметтерді бір ғимаратта, ауданның әр түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздемей-ақ алуға мүмкіндік беретін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде сервистік әкімдіктер ашылып жатыр.

Соның бірі - Іле ауданының жаңа сервистік әкімдігі ашықтық пен қолжетімдік өлшемдеріне сәйкес келеді және жергілікті атқарушы органдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайтуға ықпал етеді.

Сервистік әкімдіктің ашылуы бүгін Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Ернар Мақажанов пен Алматы облысы Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың қатысуымен өтті.

Бүгінде Алматы облысында 8 сервистік әкімдік жұмыс істеуде (Ақсу, Балқаш, Қарасай, Қаратал, Көксу, Райымбек, Іле аудандарында, Талдықорған қаласында).

Жыл соңына дейін облыстың барлық қалалары мен аудандарында осындай сервистік әкімдіктер ашу жоспарланған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"