"МЕШІТТЕР АШЫЛАДЫ": КАРАНТИНДІ ЖЕҢІЛДЕТУДІҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ МАҚҰЛДАНДЫ

Уақыты: 27.08.2020
Оқылды: 862
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында нысандардың қызметін жеңілдетудің екінші кезеңі мақұлданды. Бұл жайында Үкіметтің ресми сайты хабарлады.

Денсаулық сақтау министрлігі шектеу шаралары ел бойынша COVID-19 инфекциясын 10 есеге, жедел жәрдемді шақыру санын 4,2 есеге, ауруханада жатқандардың санын 80 пайызға төмендетуге мүмкіндік бергенін, ал мобильді бригадалар саны 7,6 есеге артқанын баяндады.

Қол жеткізілген оң әсерді ескере отырып, ведомствоаралық комиссия биыл 31 тамыздан бастап келесі нысандардың қызметін қайта бастау туралы шешім қабылдады:

- діни объектілер (мешіттер, шіркеулер, басқа да діни нысандар - ред), бірақ жеке, ұжымдық іс-шаралар өткізілмейді;

- бассейндер (жеке форматта, 1 келушіге 5 шаршы метр су беті есебінен, алдын ала жазылу арқылы);

- жаттығу залдары (1 келушіге 5 шаршы метрге дейін, алдын ала жазылу арқылы);

- спорт кешендері (1 келушіге 5 шаршы метрге дейін жеке және топтық жаттығулар үшін);

- мәдениет нысандары (1 келушіге 5 шаршы метрге дейін, толымдылығы 50 пайыздан аспайды, оның ішінде кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 30 адамға дейін ұжымдық дайындықтар, үзілістерде бөлмелерді желдету, бетперде тағу);

- ерекше қорғалатын табиғи аумақтар: мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, қорықтар, резерваттар және басқалар (жеке және ұйымдасқан топтар үшін 15 адамнан аспайтын, әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып, кемінде 2 метр, бетперде тағу);

- қала маңындағы жолаушылар пойыздарының, электр пойыздарының, қалааралық, облысішілік автобустардың, шағын автобустардың қозғалысына рұқсат беріледі.

- Барлық нысандар тиісті дайындық актілерін алғаннан кейін ғана жұмысқа кірісуге рұқсат беріледі. Өңірлердің әкімдіктері Денсаулық сақтау министрлігі, «Атамекен« ҰКП-мен бірлесіп, қоғам белсенділерін тарта отырып, енгізілетін нысандардың барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтауын қамтамасыз етуі қажет, - деп атап өтті Е.Тоғжанов.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары бірқатар нақты тапсырма берді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"