"АҚША ТӨЛЕГІСІ КЕЛМЕЙДІ": ҚОҚЫС ЖИНАУДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ НЕДЕ?

Уақыты: 27.08.2020
Оқылды: 1082
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жиналған күл-қоқысты, қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығарумен айналысатын «Компания Тазар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына 12 жылдан асып барады. Сынаптай сырғыған уақыттың соңғы бес жылында халық тығыз қоныстанған ең ірі Алатау мен Белбұлақ ауылдық округтерінің тұрғындарына қызмет көрсетуді өз міндеттеріне алған «Компания Тазардың» тынымсыз еңбек етіп келе жатқанына тұрғындар дән риза.

Жылдың қай мезгілінде де белгіленген кестеге сай кідіріссіз жұмыс істейтін аталған серіктестіктің қарамағында бас-аяғы 15 шақты адам еңбек етеді. Қоқысты шығаруда 5 техника іске қосылған. Аптаның жеті күнінде де үзіліссіз жұмыс істейтін еңбек ұжымының жұмысын жеңіл деу қисынсыз болар. Әсіресе, жаз маусымындағы иісі мүңкіген қоқыстарды жиып-теріп, машинаға тиеп, арнайы полигонға жеткізудің өзіндік қиындығы барын біріміз білсек, біріміз біле бермесіміз анық.

- Алатау мен Белбұлақ ауылдық округтері аумағына он шақты ауыл кіреді. Біздің серіктестік жұмысшылары осы ауылдың көшелері бойынша кесте жасап, белгіленген күндері еш кідіріссіз қоқыстарын жинап, шығарады. Қоқыс салынған қаптарды сыртқа шығару мен жинап қоюдың қарапайым әдістерін білмей жататындығы кейітеді кейде. Тұрғындардың 20 пайызға жуығы серіктестікпен келісім-шарт жасаудан бас тартады, яғни, ақша төлегісі келмейді. Соның салдарынан күл-қоқыстарын өзен жағалауы мен тал-теректердің түбіне лақтырып кететіндер кездеседі. Біз мұндай стихиялы қоқыстарды ұжым болып тазалаймыз. Әкімшілік қызметкерлері кабинетте отырмай, жұмысшылармен бірге жүріп, жиып-тереміз. Себебі, ол біздің жұмысымыз, – дейді «Компания Тазар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Жанна Ерманқұлова.

Айтса айтқандай-ақ, айналаға жаны ашымағандықтың салдарынан табиғат төсі ластанудан көз ашпай келеді емес пе?! Қоқысты көрінген жерге лақтыра салуды жөн санайтын кейбір адамдардың санасын оятып, мәдениетін арттыру жайы аз айтылып жатқан жоқ. Сонда да болса, баяғы қалыптан арылғандар аз.

Тазалыққа жауапты серіктестік аталған екі округ бойынша ай сайын 4050 тонна, ал жылына 40 мың тоннадан астам қоқыс қалдықтарын шығарады.

- Биылғы індетке байланысты орын алған карантин кезінде жұмысымыздың арта түскенін байқадық. Себебі, елдің көбі үйде отырғандықтан сыртқа шығатын қоқыс көлемі көбейген. Карантиндік шараларды сақтауға барынша көңіл бөлініп келеді. Жұмысшыларға бетперде, антисептиктер таратылып, машиналар хлорлы сумен жуылады. Адамзатты алаңдатқан індеттен аман болуға, жақындарымызға жанашыр болуға әрбіріміз міндеттіміз, – дейді Жанна Наурызбайқызы.

- Жиылған қоқысты апта сайын тазартып тұруда «Компания Тазарға» ризашылығымызды білдіреміз. Әзірге өкпе-ренішіміз жоқ, өткенде полигон жанып, бір-екі апта кешеуілдеген кездері болған. Оған тұрғындар түсіністік танытты. Жалпы, қысы-жазы еш тоқтаусыз, тиянақты түрде жұмыс жасап келеді. «Жақсының жақсылығын айт» деген, жасалған жұмысты неге жоққа шығаруымыз керек? – дейді Қызылқайрат ауылының тұрғыны, зейнеткер Даша Қожабекова.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы