КОРОНАВИРУС: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНҒА ДАЙЫН БА?

Уақыты: 28.08.2020
Оқылды: 988
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен әлемді дүрліктірген коронавирустың екінші толқыны бола қалған жағдайда алдын алу іс-шаралары жөнінде жиын өтті.

«Ауру айтып келмейді» болмаса «Сақтықта қорлық жоқ» деген қазақы тәмсілді негізге ала отырып, әлемдегі кей мемлекеттер коронавирустың екінші толқынын өткеріп жатса, кей елдер келесі кезеңіне дайындықты күшейтті. Амандық Ғаббасұлының орынбасарларын, денсаулық сақтау басқармасының, аурухана мен емханалардың басшыларын жинауының түп негізі де осы мәселе.

Аймақ басшысы ең алдымен өткеннен сабақ алу керектігін, дәрігерлердің біліктілігін арттырып, әр аппаратты жас мамандардың еркін меңгеріп, адам шығынын болдырмауға күш салу қажеттігін қадап айтты. Елең-алаң шақта облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған Өмірзақ Ниязбековке кадр мәселесін реттеуді тапсырды. Сондай-ақ, Өмірзақ Әбілсейітұлына жағдайды жиі баяндап отыруын, қажетті құрал-жабдықтың тізімін түгендеуді жүктеді.

Жоспар бойынша күз-қыс мезгілінде облыс  ауруханалары жаңа 5 000 төсек орынмен (1 дәрежелі – 1500, 2 дәрежелі – 2780 төсек)  қамтылмақ. Ал қосымша Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына пандемияға байланысты 370 төсек әкелу ойластырылған.

Жалпы 6,6 млрд.теңгеге 3 компьютерлік томография, 18 рентгенаппарат, 388 өкпені жасанды демалдыру аппараты, 310 концентратор, 1200 пульсоксиметр, 3 виброакустикалық аппарат алу жоспарланған. Сондай-ақ, орталықтардағы бригада мүшелері реаниматолог, пульмонолог, нефролог, кардиолог, акушер-гинеколог, педиатр, неонатолог, инфекционист сынды мамандарды жұмылдыруды, олардың қатарын көбейту жоспарға енген. Медициналық көмек көрсету үшін 3455 адам (851 дәрігер, 2604 кіші және орташа медициналық қызметкер) және ЖОО жаңа бітірген 98 маманды, ардагер дәрігерлерді ақыл-кеңес беру мақсатында жұмысқа тартпақ.

Ал 588,0 млн.теңгеге 3,4 млн.бетперде, 2,3 млн.қолғап, 29,4 мың арнайы киімдер сатып алынбақ. Облыс әкіміне есеп берген денсаулық сақтау басқармасының басшысы бүгінде дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті екенін баяндады. Қазіргі таңда күзгі жеміс-жидек жабу науқаны басталғанын, соған орай банкілерде қысым болдырмас үшін тұрғындар жаппай аспирин пайдаланып жатқандығын айтты. Осыған байланысты кейбір дәріханаларда аспирин тапшылығы болуы мүмкін екенін әңгімеледі. Сондай-ақ, дәл қазіргі сәтте қосымша дәрі-дәрмекті алу бойынша келісімшарт жүріп жатқандығын сөз етті.

Облыс әкімі бүгінде BI-Group салып жатқан инфекциялық аурухананың құрылысын жеделдетуді және 1 қазанда тапсыру керектігін айтты. Жоспар бойынша жүйелі жұмыс істеуді, әр істі тиянақты атқару керектігін жеткізді.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан