АТА ЗАҢНЫҢ САҚШЫСЫ - КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС: ҚАЙРАТ МӘМИДІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Уақыты: 30.08.2020
Оқылды: 1039
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Құрметті жетісулық жерлестер, сіздерді және барлық отандастарымызды еліміздің Негізгі заңы – Конституцияның 25 жылдық айтулы мерекесімен құттықтаймын!

Конституция халық пен биліктің арасындағы басты шарт ретінде мемлекеттік құрылымды бекітуші, адам құқықтарын жария етуші және қорғаушы қызметін атқарады.

1995 жылғы 30-тамызда өткен бүкілхалықтық референдумда қабылданған қолданыстағы Конституцияның басты ерекшелігі – өркениетті жүйе мен заманауи басқару механизмін қалыптастырып отырғандығында. Соған орай ел азаматтарының барлық құқығы мен бостандығы жарияланды. Қажетті құқықтық шектеулерден өзгеге рұқсаттың бар екендігі баяндалып, барша тұрғын конституциялық еркіндікте өмір сүру мүмкіндігіне қол жеткізді. Қазақстан Республикасының Негізгі заңы әлемдік озық тәжірибеге сүйенген, халқымыздың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына иек артқан, интеллектуалдық қуатына бейімделген, жаңа үдемелі өркениеттік құндылықтарға жетелейтін бағдарлы құжат.

Халқымыздың ғасырлар бойғы арманына айналған ең басты мақсаты – көк байрағы желбіреген дербес ел болу еді. Осы мүддені императивті құқық нормасымен шегелеген, жүзеге асырған Ата Заң деп білеміз. Ел Конституциясының Елбасы, Тұңғыш Президенттің бастамасымен, авторлық жетекшілігімен жасалып, халықтық референдумға ұсынылып, қабылданғанын айта кету керек. Оның Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетшілдік идеясының, құқықтық позициясының жүзеге асуының айқын көрінісі екенін әлем жұртшылығының мойындағанына, міне, ширек ғасыр толып отыр. Конституция нормаларын жетік білетін Елбасының оның әр нормасын озық елдердің конституцияларымен салыстырып, сараптап, ең бір тиімді тұжырым жасайтынына таң қалмасқа шара жоқ. Ата Заңның әр бабының Тұңғыш Президентіміздің жан жүрегінен, ел тағдырына деген шынайы толғанысынан туындағаны баршаға мәлім.

Ел тәуелсіздігін алғалы бері жүріп өткен жолымыз ғасырға тең болып тұр. Оған түрленген, гүлденген жаңа Қазақстанның жарқын келбеті куә. Тәуелсіз ел болдық, экономикамыз жанданып, жоғымыз түгенделді, мемлекетті басқару механизмін қалыптастырдық. Бізді әлем елдері мойындады, дүниенің төрт құбыласымен тең араласып жатырмыз.

Санымыз өсіп, сапамыз жаңарды, елдің рухы асқақтап, еңсесі көтерілді. Көшіміз бір арнаға құйылып, әніміз еркін шырқала бастады. Қазақ тілінде бүгінде екі миллионнан астам бала білім алады, осылайша ана тіліміз жойылып кету қаупінен арылды. Елдің нәсібі молайып, жоқшылық үрейінен құтылды. Оның ішкі өміріне ешкім араласпайды, бұл игілік Конституция баянды еткен құқық бостандығының жемісі.

Енді Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға келетін болсақ, дүниеде өзгермейтін құбылыс жоқ. Қоғамның белгілі бір даму кезеңінде оның өзгеруі, толықтырылуы заңды құбылыс. Қатып қалған қағида болмайды. Өмір өзгеріп тұрады. Адамның билікке, меншікке, заңға көзқарастары өзгерген жағдайда оны реттеу механизмі – құқықтық қатынас та өзгереді. Конституция нормалары да уақыт пен кеңістікке бейімделеді. Кешегі маңызды деген мәселенің бүгінде қарапайымдануы, ал бүгінгі ұсақ деген мәселенің ертең күрделіленуі мүмкін. Міне, осындай заманауи талап Конституция, заң, дәстүр, этика, эстетика сияқты әлеуметтік нормаларды да өзгеріске әкеледі.

Дамудың жоғары қарқыны, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, жаһандану, экономикада, саясатта, идеологияда, әлеуметтік салада трансформациялауға әкеп соғатын қазіргі заманғы қыр көрсетулер (қатерлер) және басқа да факторлар соңғы онжылдықта әртүрлі әлеуметтік-экономикалық формацияларға жататын бірқатар мемлекеттерде конституциялық реформалар жүргізуге түрткі болды. Олардың географиясы іс жүзінде бұрынғы кеңестік дәуірдің барлық елдерін, Азияны, Африканы, Еуропаны және Латын Америкасын қамтиды. Негізгі заңды ауқымды жаңғырту 2008 жылы Францияда, 2011 жылы Венгрияда, Мароккода, 2012 жылы Бельгияда, 2015 жылы Арменияда, Молдовада, Әзірбайжанда, Эстонияда, 2016 жылы Үндістанда, Қырғыз Республикасында, Тәжікстанда, Украинада, 2017 жылы Түркияда, Өзбекстанда жүзеге асырылды.

Мемлекетті қалыптастырудың алғашқы жылдарында биліктің Президент қолына жинақталуы, оның өкілеттілігінің қарымды болуы сол кезеңдегі саяси ахуалдан туындаған еді. Және ол өзін ақтаған, тиімді шешілген мәселе болды. Қоғамымыз жетіліп, дербес кәсіби мемлекеттік басқару механизмі қалыптасқан кезде Президенттің мойнындағы жүкті жеңілдетіп, біраз өкілеттілікті Парламент пен Үкіметке бөліп беру де уақыт талабынан туындаған жағдай еді.

Қазақстанда 1998, 2007 және 2017 жылдары жүргізілген конституциялық реформалар қоғам мен мемлекеттің жүйелі түрде дамуына, саяси жүйенің өзгеруіне, қоғамның одан әрі демократиялануына, құқық қорғау жүйесі мен мемлекеттік басқару қағидаларының жетілуіне жағдай жасады. Әр жылдардағы өзгерістерге жеке тоқталудың қажеті болмас, себебі, оның бәрі халықтық талқылаудан өтіп, тіршілігіміздің арқауына айналды.

Ата заңға сәйкес Конституцияны қорғау, оған арнайы түсініктеме беріп отыру, демо-кратиялық принциптерді сақтау міндеті біздің Кеңеске жүктелген. Соған орай кейінгі өзгертулерде Кеңестің де құзыры кеңейтіліп, адамдардың құқығын қорғаудағы рөлі уақыт өткен сайын күшейе түсіп келеді. Азаматтардың құқық бостандығын қорғауды Жаңа Конституцияға сәйкес еншілеген мемлекеттік құрылым институттары жасақталды. Оның бастауында Ата Заңның сақшысы Конституциялық Кеңес тұр.

Осы жылдарда Кеңес елдегі конституциялық заңдылықтың дұрыс қалыптасуына қажетті құралға айналды. Конституциялық Кеңес шешімдерінің ықпалымен Негізгі заңның қолданбалы құқық жүйесіндегі басымдығы қалыптасып, оның ішкі бағыныңқылық тәртібі нақтыланды. Өз шешімдерінде билік жүйесіндегі әр органның өкілеттілігін Конституция нормасы аясында анықтап, ресми түсініктер беру арқылы тежеу мен теңестіру қағидатын қалыптастырған Кеңес өкілеттілігі жетілдіріліп, оның қызмет істеу аясы халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді.

Елімізде конституциялық заңдылықтың қанат жаюы, қоғамдық өмірде оның нормаларына сүйену, ол баянды еткен еркіндікті сезіну, оның қорғаушылық қуатының артуы көрер көзге анық байқалады. Өткен 25 жылда Қазақстан Конституциясы қоғамды алға сүйреуші, оның бірлігі мен ынтымағын жарастырушы, ұлттық идеясының қайнар көзі, мемлекеттілігімізді нығайтушы құжат болып қалыптасты. Ендігі мақсат – оның жасампаз әлеуетін кеңінен пайдаланып, ел өміріндегі басты салаларды жаңғыртып, демократияны одан әрі дамыту. Ол деңгейге жету тек құқық үстемдігінде дамып, Конституциялық заңдылық аясында өмір кешу үрдісін қалыптастырғанда ғана мүмкін болады.

Биылғы 30 тамызда қолданыстағы Конституцияның қабылданғанына 25 жыл толады. Баршаңызды аталған ұлық мерекемен құттықтай отырып, денсаулық пен табыс тілеймін, елімізде ауыртпалықтар болмай, жеңістен жеңіске жете берейік демекпін.

Қайрат МӘМИ,

ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы