АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТӨРТ МЫҢҒА ЖУЫҚ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 11.01.2021
Оқылды: 1082
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында үш күнде 3700-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Бұл жайында "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап мәлімдеді.

Тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда қылмыстың алдын алу және жолын кесу мақсатында Алматы облысы аумағында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.

- Жедел алдын алу іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 3721 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтап, 1000-нан астам тұрғын үй алаптарын аралап шықты. Профилактикалық есепте тұрған 2587 есепке алынған тұлға тексерілді. Және қабылдау-тарату орындарына 5 адам, уақытша бейімдеу және интоксикация орталықтарына 3 адам жеткізілді, - деді Алматы облысы жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бағдат Әшімов. Сонымен қатар, полиция ұсақ бұзақылық пен қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу дерегі ең көп тараған құқықбұзушылық екенін атап өтті.

- Бұл іс-шара облыстағы криминогендік жағдайды айтарлықтай жақсартуға, сондай-ақ, кез келген сипаттағы құқыққа қарсы іс-әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді, - деді полковник Б.Әшімов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан