ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ БЕРІЛГЕН ДАУЫС НӘТИЖЕЛЕРІН МӘЛІМДЕДІ

Уақыты: 12.01.2021
Оқылды: 1025
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтар күні өткен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлаудың қорытындысын шығарып, саяси партияларға берілген дауыстарды жариялады.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, сайлау учаскелеріндегі сайлаушылар тізіміне 11 919 241 азамат енгізілді. Берілген бюллетеньдер – 7 539 280.

Белгілі болғандай, саяси партияларға берілген дауыс саны 7 241 562-ге жетті. Соның ішінде Қазақстан Халық партиясы - 659 019, «Nur Otan» партиясы – 5 148 074, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 383 023, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 792 828, «ADAL» саяси партиясы 258 618 дауыс жинаған.

Ал 11 қаңтар күні Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліске 9 депутат сайланды. Сонымен бірге, Парламент мінберіне өткен партиялардың тізімі де шықты. Олар - "Nur Otan", Қазақстан халық партиясы және "Ақ жол" партиясының депутаттары. Аталған үш партия да 7 пайыздық межеден асты. Ал "Адал" мен "Ауыл" партиялары сайлау нәтижесіне сәйкес, Парламент Мәжілісіне өтпей қалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"