Алқаптарды аралады

Уақыты: 27.07.2017
Оқылды: 1447
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биыл аудан бойынша 30 мың гектарға жуық суармалы жерге егіс егілді. Оның ішінде күріш пен арпа-бидайдың, дәндік, сүрлем жүгерінің, сондай-ақ, көпжылдық шөптің орны бөлек. Қазір егіс алаңдарында арпа-бидайға орақ түсіп, жоңышқаның екінші орылымы да ойдағыдай атқарылуда. 

Дала төсін дүбірге бөлеген қызу еңбек ортасында  аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов те жүрді. Ол бірқатар егін шаруашылығын арнайы аралап  қайтты.  Іссапар барысында аудан басшысы Ақдала ауылдық округіне қарасты «Өтес Ақдала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрып, аталмыш шаруашылықтың егіс алқабын аралап, жұмыс қарқынын көзбен көрді. Ғалым Қасымұлына ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бауыржан Дәрібаев пен аталмыш шаруашылық директоры Марс Дәулетбаев сапарлас болып, арпа-бидай мен жоңышқаның екінші орылымының жұмыс барысын таныстырды.  
Аталмыш ұжым биыл егіс құрылымының жоспарына сай 1752 гектар жерге күріш, 300 гектарға бидай, 1326 гектар жерге арпа, сондай-ақ, 190 гектарға сүрлем жүгері және 55 гектарына дәндік жүгері, ал қалған егіс алқаптарына көпжылдық шөп еккен. Бүгінде  бидайдың 62 гектары бастырылып, орташа өнімділік әр гектарынан 18 центнерді құраса, арпаның 336 гектары орылып, орташа өнімділік әр гектарына 24 центнерден өнім беруде. 
Биыл аудан әкімінің арнайы тапсырмасымен ірілі-ұсақты барлық шаруашылықтар көктемгі егіс жұмыстарын дер уақытында бірден бастап кетті. Нәтижесіне орай, өңірде егіс өнімділігі жоғары болады деген жоспар да бар. Әрине, мұндай зор жетістікке қол жеткізудің сыры аудан әкімдігі тарапынан қол жеткізілген түрлі тиімділіктер мен диқандардың ерінбей атқарған еңбегінде жатса керек.  
Аудан басшысы «Өтес Ақдала» ЖШС арпа егілген алқабының біріне ат басын бұрып, механизатор Мұрат Омарбаевпен егін орағының өнімділігі жайында әңгімелесті. Әкім сұрағына жауап берген Мұрат Омарбаев өз сөзінде: «Ерте себілген егіннің арқасында арпа-бидай өнімі жылдағыдан жоғары болып тұр. Сонымен қатар, егін орағына қажетті техникалардың жанар-жағармайлары мен қосалқы бөлшектері де жетерліктей болғандықтан техникалар тоқтаусыз жұмыс атқаруда. Қажетті тыңайтқыштар да дер кезінде беріліп, өнім сапасы да арта түсті. Ал бітік дәннің ысырапсыз жиналуы – егін орағының уақытылы басталуының арқасы», – дей келе, дала еңбеккерлері тарапынан осындай ауқымды жұмыстарды атқаруға барлық жағдайды жасап отырған аудан басшылығына өз ризашылығын жеткізді.
Мұнан соң аудан әкімі аталмыш серіктестіктің жоңышқалық және күріш алқаптарын да аралап көрді. Осы орайда шаруашылық басшысы Марс Дәулетбаев күріш алқабында қамыс, қоға, күрмек өсімдіктерінің болмауы «Карбомид», «Базагран», «Гулливер» тыңайтқыштарының уақытылы берілуінің нәтижесі екенін айта келе, биыл жылдағыдан өнім сапасының жоғары болатынын тілге тиек етті.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ.
Балқаш ауданы.