Жаңа оқу жылының қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар әр аудандағы әлеуметтік нысандардың жай-күйін, жөндеу жұмыстарының нәтижесін білу үшін арнайы селекторлық жиын өткізді.
Бүгінде облысымыздағы 23 білім беру ордасына, оның ішінде 18 мектеп, 1 колледж және 4 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған облыстық бюджеттен 4 миллиард теңге бөлінген. Жиында есеп берген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Омарова жөндеу жұмыстарының 25 тамызда аяқталатынын, тек Талғар және Панфилов аудандарында орналасқан екі нысан өндірістік кестеден кешігіп жатқанын жеткізді. Бүгінде аталған екі мектепте 170 адам жұмыс істеп жатыр. Осы нысандарды оқу жылына дейін іске қосу үшін мердігер компаниялар – «Энерго Эксперт» ЖШС мен «Нұрзат» ЖШС күш салуда.
Жақсылық Мұқашұлы облыстағы колледждерде ашылған жаңа мамандықтарға баса көңіл бөлінуін қадағалауды тапсырды. Атап айтсақ, биыл Ақсу ауданындағы қант зауытына қажетті үш мамандық, Қараталдың Бастөбесіне теміржолда жұмыс істейтін бір мамандық ашылса, келер жылы тағы екі мамандық қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Ұзынағаш колледжінде төрт мамандық ашылды. Осыған орай аталған білім ошақтарының директорлары мен орынбасарлары бала санының толғандығын жеткізді.
Жиын барысында оқулық мәселесі де сөз болды. Осы істі жеделдетуді айтқан облыс әкімінің орынбасары оқулықтарды 25 тамызға дейін алып, оқушыларға уақытында таратуды тапсырды.
Сонымен қатар, селекторлық отырыста облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев мәдениет саласындағы 5 нысанға, оның ішінде 4 Мәдениет үйі және 1 мұрағат сақтау ғимаратына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сай, уақытылы жүріп жатқандығына тоқталды.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары нысандарды жөндеу жұмыстарын белгіленген уақытта аяқтауды, білім ордаларын 1 қыркүйекке дейін тапсыруды талап етті. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды тікелей өз бақылауына алатынын ескертті.
Серік ҚАНТАЙ.