«ЭКСПО – 2017» көрмесіндегі Жапония павильонына келушілер саны 500 мыңнан асты. Көрменің алғашқы күндерінде мұнда келушілер саны шамамен 6000-ға жеткен еді. Тамыз айы басталғалы күніне 8000 адам тамашалауда. Жапон павильонының 500000-шы қонағы Қостанай облысы, Рудный қаласынан келген Нұрым Аманғараев және оның отбасы болды.
Ауғанстан халқы да Астана төрінде бейбітшілік шуағын сезіне отырып Ұлттық күнін атап өтті. Шара аясында сол елдің «ANIM» музыкалық-аспапты ұжымы өнер көрсетсе, «Жібек жолы» плазасы маңында жұртты бейбітшілікке шақыратын әскери шеру ұйымдастырылды. Сенегал мемлекетінің Ұлттық күні аясында халық кора, джамбе және балафон аспаптарының сүйемелдеуімен «Сафари» тобының қойылымы мен дәстүрлі билерін тамашалады. Ал арғы тарихын Алтай тауларынан өретін мажарстандықтар Ұлттық күні аясында қазақ топырағына деген сағынышын паш етті.
Мажарстан – Еуропаның орталығында орналасқан мемлекет. Қазақстан Еуроодақ кеңістігінде Мажарстан мемлекетін маңызды стратегиялық, сауда-экономикалық серіктес деп біледі. Қазіргі таңда Мажарстанның жетекші компаниялары Қазақстанда табысты жұмыс атқаруда. Биыл екі ел дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтеді. Осы жылдар аралығында барлық салада екіжақты ынтымақтастық нығайды.
Тағы бір айта кетерлігі, «ЭКСПО – 2017» көрме қалашығында IT-технопаркі құрылатындығы ресми түрде белгілі болды. IT-парк құру идеясы әлем бойынша кеңінен тараған. Мысал ретінде АҚШ-тың Калифорния штатындағы «Силикон алқабы», Дания мен Швециядағы «Медикон алқабы», Ұлыбританиядағы Кембридж, Ресейдегі Сколково, сондай-ақ, Белоруссиядағы Жоғары технологиялар ғылыми паркін атауға болады.
Елімізде IT-орталықтың ашылуы қазақстандық ғалымдар мен кәсіпкерлердің шығармашылық әлеуетінің дамуына жағдай жасап, мультипликативтік әсер бермек. Жаңа технологиялар – бұл шағын және орта бизнестің жаңа түрлері, сондай-ақ жаңа жұмыс орындары. Қарапайым қазақстандықтар IT-өнімдері арқасында табыс табудың мүмкіндігіне ие болады. Еңбек нарығы өзгеріп, білікті жұмысшыларға сұраныс артады. Көрме аумағындағы алаң қазақстандық инновациялық орталықтың «альма матеріне» айналады.
«Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің айтуынша, қазақстандық стартапперлерге технологиялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасалған. Соның ішінде халықаралық қаржы орталығынан тікелей шетелдік инвестициялар тартылып, «Nazarbaуev University» арқасында жаңа кадрлармен қамтамасыз етілмек.
Қажет АНДАС.