Балқаш ауданында мемлекеттік бағдарламамен халық игілігіне қызмет көрсететін көптеген нысандар бой көтеріп жатыр. Атап айтсақ, аудан орталығында 20 жалгерлік тұрғын үй, сонымен қатар Бақанас мектеп-интернаты оқушыларына арнайы 30 орындық монша және Бақанас ауылының сумен жабдықтау жүйесін жаңалау мен салу жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстарының нәтижелі әрі сапалы болуын қадағалау мақсатында «Нұр Отан» партиясы Балқаш аудандық филиалы ғимаратында партиялық бақылау комиссиясының және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің бірлескен отырысы өтті.
Басқосуға аудандық мәслихат хатшысы, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Кәдірбек Омаров, «Нұр Отан» партиясы Балқаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Данияр Садықбаев пен бақылау комиссиясы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің мүшелері қатысты.
Жиында аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Данияр Абдрахманов пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Аманжол Үркінбаевтың мемлекеттік бағдарламамен істеліп жатқан жұмыстарының есебі тыңдалды. Сондай-ақ, отырыс барысында жиналғандар атқарылған құрылыс жұмыстары жөнінде өзіндік ой-пікірлерімен бөлісті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша комиссия мүшелері аудандағы құрылыс нысандарын аралап, жұмыс нәтижесімен танысты.
Ахметов көшесінде 400 метрден астам шұңқыр қазылып, 4 құдық жасалып жатыр. Құрылыстың 70 пайызы аяқталған. Бес шақырым жаяу жүргіншілер жолы мен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін халыққа пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Биыл құрылысы басталған тұрғын үйлердің қазіргі таңда іргетасы толықтай құйылып, ішкі және сыртқы қабырғасының кірпіштері қаланған. Сондай-ақ, монолитті сейсмикалық белдемшелері және колонналары құйылып, арқалықтары қойылған. Тұрғын үйлердің көбінде ішкі электр желілері жүргізіліп, жылу жүйесінің батареялары мен кәріз жүйесінің құбырларын орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Жұмыс алаңында елу құрылысшы мен бір арнайы техника істеп жатыр.
Одан кейін жиналғандар Бақанас мектеп-интернаты оқушыларына арналып салынып жатқан 30 орынды монша құрылысымен танысты. 3-4 жыл көлемінде шешімін таппай жүрген осы мәселе аудандық мәслихат депутаттарының ұсынысымен және аудан әкімі Ғалым Тоқпейісовтың қолдауымен оң шешімін тауып, жыл аяғына дейін қолданысқа берілмек.
Алтынай СЕЙТКЕН.
Балқаш ауданы.