ҚЫТАЙМЕН САУДА-САТТЫҚ КҮШЕЙІП, ҚОРҒАСТАҒЫ ЖҮК ТАСЫМАЛЫ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТТЫ

Уақыты: 07.10.2022
Оқылды: 2993
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазір Қазақстандағы ірі құрылыс нысандары арасында 13 арнайы экономикалық аймақ ерекше орын алса, солардың екеуі Панфилов ауданында шекара маңына орналасқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы Жолдауында осы арнайы экономикалық аймақтар жөнінде айтылып, олардың қызметін принципті жаңа бағытта ұйымдастырып, дамытудың жолдары да атап көрсетілді.

«Қорғас-шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ құрамындағы 129 гектар аумаққа салынған «Құрғақ порт» айлағының еліміздің экономикалық дамуы мен халықаралық транзиттік әлеуетінің артуына берер берекесі ерекше.

Бұл жоба бүгінде Қазақстанның экономикалық күретамырына айналды. Құрғақ айлаққа Қытай мемлекеті тарапынан тар танапты 3, Қазақстан тарапынан кең жолақты осынша темір жол желісі тартылып, соңғы бірнеше жылдан бері көрші елмен жүк алмасуда. 2013 жылы салынған «Құрғақ порттағы» екі ел арасындағы жүк алмасудың негізгі басқарушы операторы – «RNZE-Ksrgos Gateway» ЖШС. Соңғы алты айда ғана бұл айлақта 4,2 миллиард теңгенің қызметі көрсетілген.

Сол сияқты бұл аймақта Құрғақ айлақпен жапсарластырып 225 гектар аумаққа логистикалық орталық салынып, ондағы қоймаларда мыңдаған тонна жүк сақталып, сан тарапқа аттандырылатын болады. Сонымен қатар, 224 гектар жерге индустриялдық аймақ орналасқан. Ондағы алғашқы өндіріс орындары іске кірісті. Яғни, бұл арнайы экономикалық аймақ қуатты өндіріс орындарының өркендеуіне де жол ашты. «Қорғас-шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының құрылысы жалпы бірнеше кезеңге бөлініп атқарылып, бірер жылға созылады. Анығын айтқанда мұнда қазір де сан салалы құрылыс жүзеге асырылуда.

Жақында «Құрғақ порттың» екінші жүк өңдеу кезеңі іске қосылды. Бұған дейін айлақтан күн сайын жүк тиелген 8-9 пойыз жіберілсе, енді бұл көрсеткіш екі есе өсіп, күн сайын айлақтан жүк контейнерлері тиелген 18-19 пойыз сан тарапқа жол тартуда. Олардың ҚХР тарапынан өткізілген контейнерлерге тиелген жүктердің басым бөлігі Орта Азия мен парсы шығанағы арқылы Еуропаға, тағы да басқа шалғай шетелдерге қысқа мерзімде жеткізіледі. Солардың қатарында «Hewiett Pacard», «Toyota», «DHL», тағы басқа да әлемге танымал көптеген компания өз тауарларын осы жерден орта Азия мен батыс Еуропаға таратуда. Бұлар негізінен әлем елдеріне озық үлгідегі жеңіл, ауыр автокөліктер, басқа да құрылғылар сататынын отандастарымыз жақсы біледі.

Екінші кезеңінің іске қосылып, жүк тасымалын екі есе арттыруы «Құрғақ айлақ» қызметінің шегі емес. Болашақта бұл кәсіпорын пойыздарға жүк тиеу жұмысын әлі талай есеге жоғарылататыны белгілі. Яғни, ел берекесіне еселеп табыс әкелетіні сөзсіз.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы,

Жетісу облысы