Игілігі мол ірі жоба

Уақыты: 11.09.2018
Оқылды: 1006
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қапшағай қаласына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Амандық Баталов «Қапшағай – Талдықорған» автомобиль жолының Бақанасқа қарай бұрылатын 6-шақырымында салынып жатқан «UNIVERSAL ENERGY CO» ЖШС-нің күн электрстансысының жұмысымен танысты.

Аумағы 400 гектар жерді алып жатқан күн электр- стансысының жылдық қуаты  келесі жылдың бірінші тоқсанына дейін 100 МВт-қа жетпек. Одан әрі тағы да 50 МВт қосылып, облыс аумағын кең көлемде электр энергиясымен қамтитын болады. 
Бұл өндірістің негізгі құрылтайшылары Қытайдың  Шанхай қаласында орналасқан  электр құрылғыларын шығаратын «CHINT Group» компаниясы. Компанияның серіктестіктері Ресей, АҚШ, Канада, Австралия, Гонконг, Сингапур сияқты әлемнің дамыған 11 елінде ашылған. Ал  Қазақстанда ашылатын жоба ТМД елдерінде бірінші әрі осы саладағы ең ірі инвестициялық нысан болмақ. 
Өткен жылдың сәуір айында жобалық сметасы жасалған өндіріс орнының құрылысы бүгінде қызу жүріп жатыр. Алдағы желтоқсан айында толығымен аяқталмақ. Бүгінде құрылыс аймағында «Назар», «Аманат» сияқты ірі серіктестіктер жұмыс істеуде. 
Құрылыс жұмыстарымен танысқаннан кейін облыс әкімі қалалық жағажайға ат басын бұрды. Жағалау ашылғалы  бергі кезеңде аймақ басшысы мұнда бірінші рет келіп отыр. Жағажайда жазғы шомылу науқанында келушілерге қызмет көрсететін 22 түрлі нысан, сауда нүктелері мен дәмханалар орналасқан. Биыл Қапшағай жағажайында демалушылар саны 220 мыңнан асты. Алдағы уақытта мұндай нысандардың қатары толықтырылып, отандық туризмді өркендетуге жүйелі жұмыс істейтін болады. 
Жағажайдың туризмді дамытудағы мүмкіндігін саралаған өңір басшысы Қапшағай қаласының басшылығына бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді.

Мақпал МЫСА
Қапшағай қаласы