ЗАМАНАУИ АЛМҰРТ БАҒЫ

Уақыты: 18.09.2018
Оқылды: 1204
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Түркия компанияларымен бірлесіп 20 гектар алқапқа құлпынай өсірген ағайынды Бекет пен Азамат Әбішевтер бүгінде заман талабына сай алмұрт ағаштарын отырғызуды қолға алып отыр.Бастапқыда табысы жоғары болғанымен машақаты көп құлпынай дақылын баптап көрген болатын. 

 

  Күрделі қаржы құйылмай нәтиже бермейтін шаруаны атқаруға көкөніс пен жеміс-жидек өсіруде мол тәжірибе жинақтаған түрік ағайындар көмекке келген. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тәмсілді басшылыққа алып, іздене жұмыс істеген жігіттер көп ұзамай табысқа кенелді. «Туған жерге туыңды тік!» деген олар өздері өсіп-өнген Қарасай өңіріне пайдаларын тигізуді мақсат етті.  Ауылшаруашылығы саласын зерделей келіп, шаруаларын ұлғайтуды ойластырды. Ол үшін көп ізденіп, аталған саланың түрлі бағытын сараптамадан өткізіп те көрді. Осы арада өздерімен бұрыннан әріптестік тұрғыда еңбек етіп келе жатқан түріктік компания алмұрт өсіруді ұсынады. Құр тәуекел табысқа бастамайтынын білетін ағайындылар алдымен алмұрт өсірудің технологиясын, елдегі бұл өнімге деген сұраныс пен ұсынысты зерттей келе осы шаруаны қолға алды. 
  Жаңадан егіліп жатқан алмұрт бағына келгенде әдеттегі көріністі емес, жерге қадалған мың сан бағанды көріп, таңдандық. Алдымен жерді тақтайдай етіп тегістеп, темір бағандарды қадағаннан кейін оларды бір-бірімен сым темір арқылы байланыстыра жалғапты. Біздің түсініктегі алмұрт бағынан гөрі, күрделі құрылысқа көбірек ұқсайтын алқап мәнісін сұрағанымызда Азамат Құдайбергенұлы: 
– Алмұрт көшеттері осы бағандағы сымдарға тартылып, белгілі бір тәртіппен өсіріледі. Жемістерді құс шұқып, бұршақ ұрып, күн сәулесі күйдіріп кетпеу үшін үсті арнайы тормен толықтай жабылады. Тамшылатып суару технологиясын пайдалана отырып әр талдың ылғалын компьютер арқылы бақылауға алуды жолға қоймақпыз, – деп түсіндірді.
  Түркиядан әкелінетін көшеттердің сұрыптары мұндағы ауа райы, топырақтың құнарлылығы мен судың құрамына байланысты таңдалып алынған әрі олардың жерсінуіне жауапкершілікті де компания өз мойнына алған. Агротехникалық талаптарға сай әзірленген 20 гектар алқапқа 50 мың түп көшет отырғызылмақ. Жас көшеттер келесі жылы-ақ алғашқы жемісін бере бастайтынын айтады түркиялық маман Ахмет Ақгил. Ал жеміс ағаштары желегін жайғанда бір гектар жерден 50 тоннаға дейін өнім береді. Жергілікті 20 тұрғынды жұмыспен қамтып отырған алмұрт бағы болашақта алматылықтарды дәмді де сапалы жеміске кенелтеді деген сенім мол.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.