АСҚАР МАМИН: "БҰРЫН-СОҢДЫ МҰНДАЙ АУҚЫМДА ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖОҚ"

Уақыты: 26.04.2020
Оқылды: 799
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен селекторлық режимде Үкімет отырысы өтті. Жиында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды.

Үкімет отырысында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 21 мың шақырым жолды салу, реконструкциялау және жөндеу мәселесі сөз болды. Сондай-ақ, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 27 мың шақырымын жөндеу жоспарланған. Алдағы уақытта 112 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып, 550 мың тұрақты және уақытша жұмыс орны құрылмақ.

Асқар Ұзақбайұлының айтуынша, биыл жалпы ұзындығы 4 мың шақырым болатын республикалық автожолдарды салу және реконструкциялау жұмыстарына 200 мыңнан астам қазақстандық тартылады. Бұл туралы: «Биыл пайдалануға берілетін республикалық маңызы бар жолдар көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе артық. Жергілікті маңызы бар жолдар бойынша биыл 3,5 мың шақырым жол жөндеуден өткізіледі. Бұрын-соңды мұндай ауқымда жұмыс жүргізілген жоқ, сондықтан біздің міндетіміз – оларды толығымен орындау. Барлық күшті жұмылдыру қажет», – деді А.Мамин.

Баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр: «Биыл «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының екінші кезеңіне кірістік. Оны жүзеге асыруға 5,5 трлн.теңге бөлу қарастырылған. Ағымдағы жылы бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның ішінде 2600 шақырым жол пайдалануға беріледі. Темір жолды электрификациялау жалғасады. Сонымен бірге, республикалық маңызы бар 11 мың шақырым автожол ақылы қызметке ауысып, бұл жолдарды бюджет есебінен күтіп-баптау азаяды. Үнемделген бюджет қаражатын өзге де маңызды жобаларға бағыттай аламыз», – деген спикер Түркістандағы халықаралық әуежай мен Шымкенттегі жаңа жолаушылар терминалы салынып біткенін, Өскемен, Үржар, Үшаралдағы әуежайларды қайта жөндеу басталғанын еске салды.

Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, осы жылы жоспарланған көлемнің уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді, реконструкцияланған 5,7 мың шақырым учаскелердегі автомобиль жолдарында төлем жүйесін енгізу жұмысын аяқтауды тапсырды.

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты құрылыс жұмыстарының қалай жүргізілетіндігіне де тоқталған А.Мамин: «Құрылыс маусымын мүмкіндігінше тиімді пайдалану қажет. Жекелеген елді мекендерде карантин режиміне байланысты енгізілген шектеулер жағдайында нысандарға жанар-жағармай, жол-құрылыс материалдары мен техникасын еш кедергісіз жеткізу үшін «жасыл дәліз» жұмысын қамтамасыз ету қажет», – дей келе отандық құрылыс индустриясының қолда бар мүмкіндіктерін барынша пайдалануды тапсырды.

Үкімет отырысының соңында Асқар Ұзақбайұлы биыл «Нұрлы жол» аясында іске асыру жоспарланған барлық іс-шаралардың белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екенін айтты.

Еңлік МАРХАБЕКҚЫЗЫ

Сурет ғаламтордан алынды