"ЖЕМШӨП БАР. СУБСИДИЯ БЕРІЛУДЕ. ЖАНАРМАЙ АРЗАН": АУЫЛДЫҢ БЕРЕКЕСІ НЕДЕ?

Уақыты: 06.05.2020
Оқылды: 1060
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Басши ауылдық округінің әкімі Тоқтарбек Елеусізұлының айтуынша, бұл елді мекеннің тұрғындары көбіне мал бағумен айналысады. Соңғы жылдары мал басының өскені байқалуда. «Бостан», «Береке», «Бақ», «Қажытам», «Шойнақ» сияқты ауылда барлығы 104 шаруа қожалығы бар.

Бүгінгі таңда ауылдық округте 6412 ірі қара, 1644 жылқы бағылады. Ал қой-ешкінің саны 32611-ге жеткен. Елді мекенге қарасты 209635 гектар жер бар. Ауылшаруашылығындағы жер көлемі 75503 гектар, оның ішінде айдалмалы жер 999 гектарды құраса, жайылымдық алқаптың көлемі 72632 гектар.

Ауылдағы «Үйенкүл», «Ақтөбе» су қоймаларына көп жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Жақында байқау өткізіліп, нәтижесінде аталған су қоймаларына жөндеу жұмысы басталады. Су қоймалары жасалса, 3 мың гектар суармалы алқап ел игілігіне қызмет көрсететін болады. Яғни, жерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік туады. Малға қажет жемшөп қоры да көбейеді. Қазіргі кезде малды ауыл жайлауға көшіп жатыр. Субсидия да берілуде. Жанар-жағармайдың бағасы да төмендеді. Мұның бәрі жұмыс істеймін деген адамға үлкен көмек.

«Шойнақ» шаруа қожалығының төрағасы Шаяхун Бұқарбаев елу жылдай осы ауылда мал баққан. Марқұм әйелі екеуі он бір бала тәрбиелеп өсіріпті. Бүгінде олардың әрқайсысының өз отауы бар. Кенже ұлымен тұратын қарияның бүгінгі қуанышы - Кенжебегінен туған немерелері.

– Ақсақал осы ауылдан бірінші болып өз қаражаты есебінен Меккеге барған қажы. Бүгінде екі жүз бастай ірі қарасы, қырық шақты жылқысы, бір отардан артық ұсақ малы бар. Ауылдағы жағдайы жақсы отбасылардың бірі саналады, – деген ауыл әкімі ертелетіп жайлауға көшіп бара жатқан малды шығарысып тұрған ауыл қариясымен таныстырды. Алты ұл, бес қыздан немере-шөбере сүйіп, өсіп-өнген әулеттің иесі Шаяхун Бұқарбаев бүгінде сексеннің сеңгірінде.

– Жағдайымыз жақсы. Көктеу, күздеу деп бөліп жатпаймыз. Жаз бойы анау көрініп тұрған таудың арғы жағындағы сайда мал жайып, күз соңында қайта ауылға ораламыз. Шүкір, мал басы көбеюде, – деген ақсақал ел-жұрттың амандығын тіледі.

«Бақ» шаруа қожалығын 2004 жылы құрған Басши ауылының тұрғыны Халимолда Ахметбеков те мал шаруашылығының жандануына өз үлесін қосуда. Шаруашылық негізінен етті бағытта ірі қара мал өсіреді.

Атап айтқанда, халықты етпен қамтамасыз ету мақсатында қазақтың «Ақбас» тұқымын өсіріп, бордақылаумен айналысады. Шаруа қожалығы етті бағыттағы мал өсіруді 10 бастан бастап, бүгінде оның саны 180-ге жеткен. 2015 жылдан бастап ірі қара малын «Санта-Гертруда» ірі қарасымен толықтырып, асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданып келеді. Сондай-ақ, ол бордақыланған төрт бас малдың етін келісін 1700 теңгеден ауыл дүкенінде сатқан.

– «Біз біргеміз» республикалық акциясына қосылып, мүгедек, жағдайы жоқ ауыл азаматтарына 10-15 келіден ет беріп, көмек көрсетудеміз,– дейді шаруа қожалығының басшысы.

Екі трактор, бір комбайн, бір «ЗиЛ», бір «УАЗ» және «ГАЗ-53» сияқты техникалары бар шаруа қожалығы жеті адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаруа қожалығы еңбеккерлерінің орташа  айлық жалақысы 70 мың теңгені құрайды. 2017 жылы 3,5 гектарға  мың түп алма ағашының көшетін отырғызып, «Апорт», «Пеструшка» және «Белый налив», «Америкалық» сорттарын еккен шаруа қожалығы былтыр алғашқы өнімін алды. Апортының салмағы 950 грамм болыпты.

– Қосымша өзімізге деп бір-екі түп шабдалы мен өрік ағашын ектім. Бір жақсысы, біздің ауылға қандай жеміс ағашын отырғызсаңыз да өсе береді, – дейді Халимолда Ахметбеков.

Нұрым ауылында туып-өскен азамат екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ел ағасы зейнетке шықса да шаруамен айналысып, нәтижелі еңбек етуде.

Ләйлә ЕСКЕНДІРҚЫЗЫ

Басши ауылы,

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы