АҚСУ АУДАНЫНДА ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ 3167 ГЕКТАРҒА ЕГІЛЕДІ

Уақыты: 18.05.2020
Оқылды: 1434
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ақсу ауданы бойынша биыл 61 мың 17 гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын себу жоспарда. Оның ішінде, күздік бидай, жаздық бидай, жаздық арпа себілуде. Қант қызылшасы 3167 гектарға егіліп, өндіріледі. Шаруалар тәтті түбірді себуге сақадай-сай.

Мемлекет тарапынан қауіпсіздік мақсатында бірқатар шектеу қойылғаны белгілі. Соған қарамастан көктемгі дала жұмыстары тоқтаған емес.

Арзандатылған дизель отынының шаруа қожалықтарына литрі 165 теңгеден сатылуы да кәсіпкерлерге үлкен көмек. Жұмыс тоқтап қалмас үшін аудан орталығындағы ауылшаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін сататын дүкендер жұмысын жалғастыруда. Егіс науқанының ойдағыдай атқарылуына барлық жағдай жасалуда. Кәсіпкерлерге төмен пайызбен несиелер де беріледі.

Аудан бойынша 528 дана ауылшаруашылығы техникасы тексерістен өтіп, жұмысқа кірісті. Қант қызылшасының тұқымын себетін 14 құрылғы да жұмыс бастады. Ауданда қант қызылшасын өндірумен айналысатын 6 сервистік дайындау орталығы жұмыс істейді. Оның сыртында 4 ірі шаруа қожалығы қант қызылшасын себуге арналған техникамен толық қамтылған.

Мағжан ШЫҢДӘУЛЕТ,

Ақсу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Сурет - ғаламтордан