АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 347 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

Уақыты: 17.05.2020
Оқылды: 868
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысындағы жолдардың жалпы ұзындығы 9610 шақырымды құрайды. Соның 2822 шақырымы республикалық, 6788 шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Соңғы жылдары Үкімет өте күрделі жөндеуді қажет ететін және апатты жағдайда тұрған жолдарды, көпірлер мен құбырларды, өткелдерді қалпына келтіруге айрықша мән беріп отыр. Ел арасын жалғайтын жаңа жолдар салынып, шетінен көпшілік игілігіне беріліп те жатыр. Аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін жыл сайын бөлінетін қаражат көлемі де аз емес.

Аймақтағы автокөлік жолдарында қауіпсіз және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының берген мәліметіне жүгінсек, жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарын күтіп ұстау мен жөндеу жұмыстарына жалпы биыл 26 420, 499 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр. Оның 10 908, 961 миллион теңгесі республикалық бюджеттен, қалғаны жергілікті бюджет есебінен бөлінген. Биыл барлығы 491,6 шақырым автокөлік жолдарын жөндеу жоспарланған. Жыл басындағы жағдай бойынша аймақтағы жолдардың 81 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде болса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 84 пайызға жетеді.

Автокөлік жолдарының 36 шақырымы қайта жаңғыртылады.

Жалпы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 6 171, 315 миллион теңге қаражат қарастырылған. Осы қаржы есебінен Балқаш жағалауындағы демалыс аймақтарына апаратын 19 шақырым автокөлік жолы қайта жаңғыртылады. Мұндай жұмыстар Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай жолдарының 0-110 шақырымына, 0-35 шақырым участогіне де жүргізіледі. Бұл істер келесі жылға дейін жалғасып, аяқталатын болады. Бүгінде осы бойынша жұмыстар жүруде.

Лепсі-Балқаш көлі автокөлік жолының 0-27 шақырым аралығы да жөнделеді. Бұған қоса, Сарыөзек-Қорғас-Қоғалы-Көксу-Қарабұлақ автокөлік жолдарының 94-122 шақырымы, Ескелді ауданы жолының 12 шақырымы, Жамбыл ауданындағы Қарақастек-Сұраншы батыр автожолының 0-7 шақырымы, Талғар ауданындағы «Обход г. Талхиз» автокөлік жолдары қайта жаңғыртылады. Сонымен бірге, Қарасай ауданындағы Шамалған стансысында жер үсті жаяу жүргіншілер өткелін салу бойынша құрылыс жұмыстары жүруде. Еңбекшіқазақ ауданындағы «Есік-Александровка» автокөлік жолында да осындай жаяу жүргіншілер өткелі салынады.

Биыл 12 көпір күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін 2 560,720 миллион теңге қаражат бөлінді. Сонымен бірге 347,1 шақырым автокөлік жолы орташа жөндеуден өтеді. Өңірлер мен ауыл арасындағы жолдарды жөндеуге де мән берілуде.

Мәселен, Ақсу ауданындағы Жансүгіров-Арасан автокөлік жолының 0-21,6 шақырымына, Алакөл ауданындағы Қабанбай-Лепсі жолының 0-20 шақырымына, Қаратал ауданындағы Үштөбе-Алмалы-Көпбірлік автожолының 147, 26-175,45 шақырымына, Кербұлақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылына кіреберістегі Сарыөзек-Көктал-Қоғалы-Көксу автожолының 0-3,05 шақырымына, Панфилов ауданындағы Көктал-Жаркент-Арасан автожолының 0-24,40 шақырымына, Балқаш ауданындағы Қапшағай-Бақанас-Қарой автожолының 180-280 шақырымына, тағы басқа да аудандардағы бірнеше автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір дайындық жұмыстары жасалуда. Сондай-ақ, 108,5 шақырым автокөлік жолдарын маршруттық әдіспен жөндеп, ұстауға, су өткізу құбырларына 3 533,423 миллион теңге қаражат қарастырылды. Аймақтағы 17 аудан мен 2 қала маңындағы автокөлік жолын жөндеу мен күтіп ұстауға (соның ішінде қысқы) 2 289, 267 миллион теңге бөлінді. Қазіргі кезде жолдардағы ой-шұңқырлар тегістелуде.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Сурет ғаламтордан алынды