АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА НЕМІС ТЕХНОЛОГИЯСЫ БОЙЫНША НАН ӨНДІРІЛЕДІ

Уақыты: 21.05.2020
Оқылды: 1376
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Жинақ банк» АҚ ЕБ (еншілес банкі) «Даму» қорының Алматы облысы бойынша аймақтық филиалымен бірлесіп, неміс технологиясы бойынша нан өндіру ерекшеліктерінің бірі болып табылатын «GOLD САПА» ЖШС наубайханасын сатып алу жобасын қаржыландырды.

2019 жылдың басында ісін жаңа бастаған кәсіпкер Марьям Мұхамеджан «GOLD САПА» ЖШС-нан нан пісіретін кәсіпорын ғимаратын жалға алды. Сол кезде аталған кәсіпорын Германиядан еуропалық сапа стандарттары бойынша нан өндіру үшін жаңа жабдықтар сатып алды. Зауыттың өндірістік қызметкерлері неміс мамандарына оқуға жіберілді. Кәсіпорынды дамытудың бизнес-жоспарын әзірлеп, кәсіпкер "Сбербанк" АҚ ЕБ-не наубайхананы сатып алу бойынша жобаны қаржыландыруға жүгінді. Ал «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының арқасында несие бойынша мөлшерлемені азайтып отыр.

– Біз "Сбербанкке" хабарласып, қысқа мерзімде жеңілдікті несие алып, наубайхана сатып алдық. Қазіргі кезде үлкен жоспар бар. Ол нан түрлерін сату үшін дүкен ашып, кондитерлік өнімдерді шығару және жаңа бағытты іске асыру. Макарон шығаруды ойға алып отырмыз. Қазір жабдықтар таңдаудамын. Меніңше, бұл бағыт облыста да, Алматы қаласында да сұранысқа ие болады. Болашақ жобаларды жүзеге асыру үшін "Сбербанктен" де қолдау алуға мүмкіндік бар деп үміттенемін, – дейді аталмыш серіктестіктің басшысы Марьям Мұхамеджан.

Жаңа зауыттың жобасы «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер кәсіпкерлерінің бизнес-бастамаларын қолдау» І бағыты бойынша мөлшерлемені субсидиялау бөлігінде мақұлданды. Шағын және орта бизнес Қазақстан экономикасы алдында тұрған аса өткір міндеттерді шешуде маңызды және көп жағдайда таптырмас рөл атқарады. Аталған бағдарлама өз кезегінде осындай жобаларды қолдай отырып, өңірдегі кәсіпорындардың дамуы мен қалыптасуына үлес қосады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы