Газдандыру жүйелі жүргізілуде

Уақыты: 02.03.2017
Оқылды: 2882
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алдын ала болжам бойынша облысымыздағы барлық елді мекенді тұтастай газбен қамту үшін 3,3 мың шақырым газ желісін тарту керек. Қазір осы жоспардың бірқатары еңсерілді. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен өткен басқосуда мәлім болды.

Биылғы жоспар бойынша қаланың орталық аумағының 22, шығыс аумақтың 15, Өтенай ауылдық округінің 13, оңтүстік-шығыс аумақтың 13, солтүстік аумақтың 27 пайызына газ желісі жеткізіледі. Демек, жыл соңына қарай қаланың 50 пайыздан астамы көгілдір отынның игілігін көреді.

Расында, өңір тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін үлкен жұмыс жасалғаны көрініп тұр. Оның нәтижесін бөлінген қаржы мен атқарылған жұмыстардан-ақ білуге болады. Яғни, газдандыру мақсатына 2013 жылы 1611,9 млрд. теңге, 2014 жылы 2115,2 млрд. теңге, 2015 жылы 2835,2 млрд. теңге, 2016 жылы 5239,2 млрд. теңге бөлініп, игерілген. Ал 2013 жыл мен 2016 жылдары бөлінген қаржының деңгейіне қарап-ақ өңірді көгілдір отынмен қамту жұмысына қаншалықты деңгейде мән берілгенін аңғаруға болады. 
Осы ретте облыс орталығы Талдықорған қаласын газдандыру мақсатындағы жұмыс қарқынына ерекше тоқтала кеткен жөн. Жоспар бойынша қаланы газбен қамтамасыз ету төрт кезеңге бөліп орындалады. Алғашқы кезекте «Қаратал» шағын ауданы, Абылайхан, Жансүгіров, Гаухар ана көшелерінің бойындағы, облыстық аурухана, автобекет және орталық базардың маңындағы жеке және көпқабатты тұрғын үйлер, «Талдықорған» индустриялды аймағы мен Оңтүстік өндірістік аймақ газ желісімен қамтылады. Екінші кезекте «Самал», «Жастар» шағын аудандары мен Қабанбай батыр, Чкалов, Белов, Шевченко көшелерінің бойындағы жеке және көпқабатты тұрғын үйлерге газ жеткізіледі. Үшінші кезекте Өтенай және «Шығыс» шағын ауданы мен Жансүгіров, Алматы, Тілек Әбжалиев көшесінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді. Төртінші кезекте Еркін, Көктал ауылдары мен қала маңындағы саяжайлар газдандырылады.
Бүгінге дейін Талдықорған қаласына газ желісін тарту жұмысы белгіленген жоспар бойынша орындалып келеді. Айталық, өткен жылы қаланың орталық аумағының 23, шығыс аумақтың 17, Өтенай селолық округінің 7, Еркін селолық округінің 20, оңтүстік-батыс аумақтың 11, солтүстік аумақтың 22 пайызына газ желісі тартылыпты. Биылғы жоспар бойынша қаланың орталық аумағының 22, шығыс аумақтың 15, Өтенай ауылдық округінің 13, оңтүстік-шығыс аумақтың 13, солтүстік аумақтың 27 пайызына газ желісі жеткізіледі. Демек, жыл соңына қарай қаланың 50 пайыздан астамы көгілдір отынның игілігін көреді. Сала мамандарының таныстыруы арқылы жүйелі жүргізілген  жұмыстың нәтижесін өңір басшысы жоғары бағалады. 
Газбен қамтуды міндетіне алған мекемелер газ құбырын әр үйдің қақпасына дейін жеткізіп беруге жауапты. Сырттағы газ желісін үйге енгізуге қатысты жұмыстарды пәтер және жеке тұрғын үй иелері өз қаржысымен атқарады. Облыс әкімі қатысты мекеме мамандарына табиғи газды үйді-үйге кіргізуге қатысты түсіндіру жұмыстарын тыңғылықты жүргізіп, жоспарды ойдағыдай орындау керектігін тапсырды.
Облыс басшысы газдандыру мақсатында атқарылған жұмыс ретімен танысумен қатар алдағы уақытта қаламызда бой көтеретін «Коттеджді қалашық», қалаға кіреберіске орнатылатын арканың жобасын көріп шықты. Сондай-ақ, қаланың оңтүстік-батыс аумағында салынып жатқан жобаларға өзгеріс енгізу туралы ұсыныстарды тыңдап, сын-ескертпелер айтты.  

Қажет АНДАС