САЛЫҚТЫҚ РАҚЫМШЫЛЫҚ: "ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ҮЛГЕРІҢІЗ"

Уақыты: 16.07.2020
Оқылды: 1280
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының тұрғындары салықтық рақымшылықты қолдана алады! Бұған жер, мүлік немесе көлік қарызы бар адамдар жатады. Заңға енгізілген өзгертулер күшіне енді. Өзгерістер тек жеке тұлғаларға қатысты, - деп хабарлайды Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті.

Салықтық рақымшылық 2019 жылы жарияланды. Ол желтоқсан айының соңына дейін жұмыс істеді. Негізгі қарызды төлеген жағдайда өсімпұлдарды автоматты түрде есептен шығарады. Сондықтан мұндай мүмкіндікті пайдаланып үлгермеген аймақ тұрғындары оны 2020 жылы қолдана алады.

- Заңда негізгі қарызды 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтеген жағдайда 2020 жылдың 1 сәуіріне есептелген өсімпұлды есептен шығару туралы жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық қарастырылған. Салық кезеңі ішінде 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін мүлік, жер және көлік салығына қатысты, - деді Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Әсем Байқаш.

13.07.2020 жылға жеке тұлғалардың берешегі 847 млн.теңгені құрайды. Оның ішінде 27 749 салық төлеушілер бойынша көлік құралдарына салынатын салық 835 млн.теңгені құрайды және де негізгі салық бойынша 579 млн. теңге және өсім бойынша 255 млн. теңге. Жалпы, жергілікті салықтар бойынша облыста 47 мың салық төлеушінің 2020 жылдың 01 сәуірінде 912 миллион теңге сомасында берешегі, 660 миллион теңге бересі және 252 миллион теңге өсімақы бар.

Аумақтық мемлекеттік кірістер басқармаларына келудің қажеті жоқ. Өсімақылар, негізгі борыш сомасын өтеген кезде автоматты түрде есептен шығарылады. Белгілі болғандай, жер және мүлік бойынша 2019 жылғы төлем 1 қазанға дейін жүргізіледі. Ал, көлік бойынша есеп - 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін.

Құрметті Алматы облысының тұрғындары салықтық рақымшылықты пайдаланып үлгеріңіз!

"ЖЕТІСУ АҚПАРАТ"
Сурет ғаламтордан алынды