"ЖАБДЫҚТАРДЫ ЖАҢАЛАДЫҚ": АҚСУ ҚАНТ ЗАУЫТЫ ӨНІМ КӨЛЕМІН ЕКІ ЕСЕГЕ ҰЛҒАЙТПАҚ

Уақыты: 30.09.2020
Оқылды: 1258
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгінде Ақсу қант зауыты жаңа да айшықты түрге енген. Бұрынғы тозығы жетіп, күл-қоқысы араласып, жүдеп тұрған зауыт ғимаратын көргендер оның бүгінгі жаңарған, жаңаланған қалпымен бетпе-бет келгенде таңырқап қалатыны анық. Біз де сондай көңіл-күйде болдық. Ғимараттың іші-сырты бүтінделіп, құрал-жабдықтары жаңаланыпты. Зауыт ауласы реттеліп, тәтті түбір жинайтын аумақтағы қатар-қатар тізілген техникалар көңіл сүйсіндіреді. Жаңғырған  өндіріс орны ауыл тұрғындарын ауқымды түрде жұмыспен қамтып, әлеуметтің әлеуетін көтеруге де көп үлес қосуда.

Зауыт 29 қыркүйектен бастап қант қызылшасын қабылдауды қолға алды. Салтанатты шараға Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов қатысып, қант қызылшасымен айналысатын шаруа қожалықтарының еңбегіне береке, зауыт жұмысшыларының істеріне сәттілік тіледі.

– Биыл ауданға қарасты 11 ауылдық округтегі 83 шаруа қожалығы 3167 гектар алқапқа қант қызылшасын септі. Сондай-ақ, қант қызылшасымен айналысатын 6 сервистік дайындау орталығы жұмыс істейді. Оның сыртында «Жасұлан», «Квитко», «Көкөзек», «Дәулет-в» шаруа қожалықтары қант қызылшасына арналған техникалармен толық қамтамасыз етілген, – деді ол.

Ақсу жері еліміздегі қант қызылшасын өңдеу ісі басталған өңір. Сондықтан бұл өңір тұрғындарында осы дақылды сеуіп, баптап, өсірудің мол тәжірибесі бар. Алайда биылғы пандемияға байланысты қолға алынған шаралар мен судың тапшылығынан біраз қиындық белең алыпты. Бірақ бұл ақсулықтардың жұмысы өнімділігін төмендете алмаған көрнеді:

– Бүгін бірінші болып «Әлихан» шаруа қожалығы өз өнімін зауытқа өткізуде. Қазір олар бір гектардан 600 центнерден өнім жинауда. Түрлі себептерге байланысты барлық шаруа қожалығының жағдайы осылай болмайтыны анық. Десе де, биыл аудан көлемінде қант қызылшасының өнімділігі гектарына 350-400 центнерден айналады деген ойдамыз, – дейді Ақсу аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат Қасымов.

Ақсу қант зауытына өнімін өткізгендердің қатарында Сарқан ауданының да шаруа қожалықтары болды. Қазір ауданда қант қызылшасын тасымалдауға 80 "КаМАЗ"  бөлінсе,  жинауға 12 комбайн дайындалған.

– Өткен жылы 2850 гектарға қант қызылшасы себіліп, одан 97241 тонна өнім алынды, орташа өнімділігі гектарына 342 центнерді құрады. Ағымдағы жылы 86 шаруа қожалығы  3167 гектарға қант қызылшасын сеуіп, одан 126680 тонна өнім алу, орташа өнімділікті 400 центнерден айналдыру жоспарлануда. 28 қыркүйектен қант қызылшасын жинау жұмысы басталды. Бүгін Ақсу қант зауытына Алмалы ауылдық округінен «Жасқант», Бақалы ауылдық округінен «Елубаев», Сарқан қаласынан «Самал» шаруа қожалықтары, барлығы 11 "КаМАЗ" қант қызылшасын зауытқа өткізді, – дейді Сарқан аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадық.

Әрине, тәтті түбірді жинаумен жұмыс аяқталмайды. Оны төкпей-шашпай, шығынға ұшыратпай өңдеу жұмысы зауытқа жүктеледі.

– Тәтті түбір қабылдау жұмысын бастадық. Қазірше жеткізілген өнімнің сапасы жақсы. Зауыт қазір жұмыс бастауға 95 пайыз дайын. Жаз бойы құрал-жабдықтарды жаңалап, өлшеу аспаптарының ең озық түрін орнаттық. Тәтті түбір қабылдайтын құрылғылар жаңаланып, оны төгетін алаң толық қалпына келтірілді. Өткен жылы 7 мың тоннадай таза қант шығарылды, биыл оның көлемін 14 мың тоннаға жеткіземіз деген жоспар бар. Қазір 200-ден астам адам жұмыс істеуде, тәтті түбірді өңдеу ісі басталғанда 550-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ, – дейді «Ақсу қант зауыты» ЖШС директоры Самат Нәдірбаев.

Ақсуда атқарылып жатқан осындай игілікті істерге көңіліміз тоғайып аттандық.

Қажет АНДАС

Фото - Руслан ҚАДЫРОВ

Ақсу ауданы

Алматы облысы