"САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАРДЫ ҚАЙТАДАН КҮШЕЙТУ КЕРЕК": ҮКІМЕТТЕГІ ЖИЫН

Уақыты: 30.09.2020
Оқылды: 1055
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында еліміздегі эпидемиологиялық жағдай жан-жақты айтылды.

Селекторлық жиында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі А.Цой санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясының алдын алу барысында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ақпарат берді. Денсаулық сақтау министрлігі “СҚ-Фармация” және әкімдіктермен бірлесіп, медициналық ұйымдар мен дәріханаларда дәрі-дәрмектердің болуын қамтамасыз етуді қолға алған.

Министр оқушылар арасындағы сырқаттанушылыққа жеке тоқталды. Оқу жылының басынан бері оқушылардың арасында КВИ ауырудың 104 жағдайы, оның ішінде, кезекші сыныптарда оқитын балалар арасында 33 жағдай тіркелді, байланыста болған 550 адам анықталды, олардың ішінде 7 жағдай анықталды. Сонымен қатар, әлемдегі және бірқатар шегаралас елдердегі індеттің тұрақсыздығын ескере отырып, санитарлық талаптарды сақтау шараларын күшейту қажеттігі айтылды. Өңірлерде дәрілік препараттардың бағасына бақылау жүргізу шаралары туралы да баяндады.

Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне және Денсаулық сақтау министрлігіне биылғы 15 қазанға дейін қажетті техника, жабдықтар мен қорғаныш құралдарын сатып алып, өңірлерге жеткізуді тапсырды. Биыл коронавирус індеті белең алғанда «Жедел жәрдем» қызметінің өз дәрежесінде көмек көрсете алмағаны белгілі. Себебі, көлік аздық етті.

Жиында Қазақстан зауыттарында 360 «Жедел жәрдем» машинасының шығарылғандығы айтылды. Бүгіннен бастап қалған 264 көлікті жеткізу басталады. Жалпы, осы бағдарлама аясында 5 қарашаға дейін 1 167 бірлік санитарлық көлік жеткізіледі.

Ішкі істер және денсаулық сақтау министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысын күшейту, санитарлық режимді бұзуға жол бермеу тапсырылды.

Селекторлық жиын барысында жеке қорғаныш құралдары, медициналық техника мен жабдықтардың елімізде шығарылуы туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады. Қазақстан аумағына шетелден келетін адамдарға қатысты санитарлық-карантиндік бақылауды күшейту шаралары жандандырылмақшы.

Үкіметтің селекторлық отырысында жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды. Бұл мәселе жөнінде Асқар Мамин: «Күн райының қолайсыздығына байланысты жылыту маусымы көптеген аймақтарда ертерек басталып кетті. Жалпы, өңірлердің әкімдері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, әлеуметтік салаларды, жылу және энергия нысандарын жылыту маусымына дайындау бойынша жақсы жұмыс жүргізді», - деді.

Үкімет басшысы әкімдерге белгіленген мерзімдерде барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын және қажетті көлемде отын жеткізуді аяқтауды, сондай-ақ, энергия өндіретін және энергия жеткізетін ұйымдармен бірлесіп, жылыту маусымын жүргізуге дайындық паспорттарын тез арада алуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Премьер-Министр мектеп оқушылары мен студенттерді қашықтан оқытуға байланысты өте өзекті болып отырған интернет сапасын едәуір арттырудың маңыздылығын атап өтті. Ол үшін техника сатып алынуда, байланыс және интернет қызметтерінің сапасын бақылауға арналған барлық ресурстар бар. «Әрбір тұрғын үй мен ұйымда орналасқан жеріне қарамастан, сапалы интернет пен байланыс болуы керек. Сондықтан нақты талаптарды белгілеп, тиісті жабдықты орнату мәселелерін пысықтау қажет. Цифрлық даму министрлігі Индустрия министрлігімен бірлесіп, аталған мәселелерді шешуі керек», - деді А.Мамин.

Селекторлық жиын соңында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов орынбасарлары мен мекеме басшыларына коронавируспен күрес, жылыту маусымына дайындық, интернет жолақтарын жақсарту барысында нақты тапсырмалар берді. Алдағы дүйсенбіде атқарылған жұмыстың нәтижесі сұралатынын айтты.

Гүлжан ТҰРСЫН

Сурет - ғаламтордан