"СУ ЖЕТКІЛІКСІЗ БОЛДЫ": ҚАРАТАЛДЫҚ КҮРІШ ЕГУШІЛЕР АЛҚАПТАҒЫ МӘСЕЛЕНІ АЙТТЫ

Уақыты: 04.10.2020
Оқылды: 1202
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ескелді ауылдық округінде орналасқан «Уштобинский» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты егістікте диқандар егін жинауға білек сыбана кіріскен. Шаруашылық алқапта «Янтарь», «Заря», «Уштобинский», «Суаг», «Пак-Ли» секілді күріш түрлері өсіріледі. 

«Уштобинский» ЖШС-не қарасты 2274 гектар жер бар. Биыл серіктестік 450 гектар жерге күріш, 200 гектар жерге арпа-бидай, 230 гектар жерге жүгері, 20 гектар жерге қант қызылшасы мен 200 гектар жерге соя еккен. Сондай-ақ, 350 гектар жер мал азығына қажет жоңышқаға арналған. Бүгінде күріш жинау қарқынды жүріп жатыр. Диқандар әр гектардан орта есеппен 25-30 центнерден күріш алуда.

Арман Ахметбаев жетекшілік ететін аталмыш шаруашылықта 75-ке жуық адам жұмыс істейді. Қазір «Уштобинский» ЖШС-нің алқаптарында 8 комбайн егін орағына кіріскен. Соның төртеуі бидай орып жатса, төрт комбайн шабылып, кепкен егінді жинау үстінде. Сонымен қатар, шөп шабу науқаны да жүріп жатыр. Бұл іске жеті ауылшаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Серіктестікте техникалар  жыл сайын жаңарып отырады. Мәселен, биыл серіктестік «МТЗ-89.1» тракторын сатып алды. Қызылша сепкіш, бүріккіш секілді қосалқы бөлшектер де алынған.

– Биыл біз мол өнім алуды жоспарлап едік, бірақ су жетпей біраз қиындықтар болды. Тұқым себілген кезде су болмады. Қамыс-құрақ өсіп кетті. Егіннің пісіп-жетілуі жарты айға кешікті. Күріш әрқашан суда болуы керек. Егін сепкеннен кейін бірден күріш алқабының бетін сумен жабамыз. Әйтпесе қамыс-құрақ шығып кетеді. Егер кешігіп қалсақ, шөп соңына дейін өседі. Су тұрақты болуы керек. Жазда аса қажет болған кезде су жеткіліксіз болды, – дейді бригадир Леонид Тен.

Мәселен, былтыр «Уштобинский» ЖШС диқандары әр гектардан 35-37 центнер өнім жинаған. Биылғы жылы егілген алқаптың көп бөлігіне жоғары өнім беретін тұқым себілді. Көктемде тыңайтқыш та берілді. Сондықтан, шаруалар гектар берекелігі 40-42 центнерді құрайды деп жоспарлаған. Әйтсе де бұған судың жетіспеушілігі кедергі болды.

Күріш жинауда комбайндар егінді шауып, 4-5 күннен кейін егін құрғаған кезде жинайды. Шаруалар өнімнен шашау шықпас үшін ауа райының қолайлы сәтін пайдаланып, ертелі-кеш егістік басында жүр.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы