ШЕЛЕК АУЫЛЫНДА ЖЕЛ ЭЛЕКТР СТАНСЫСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 05.10.2020
Оқылды: 1419
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы жаңа екі жоба іске асырылуда. Бұл жерде «Самұрық-Энерго» АҚ-ға қарасты компаниялар құрылысын бастаған Алматы және Ақмола облыстарындағы жел электр стансылары (ЖЭС) туралы айтылады.

«Келешекте 300 МВт-ға дейін кеңейте отырып, Шелек дәлізінде қуаты 60 МВт. жел электр стансысын салу» жобасы Еңбекшіқазақ ауданында іске асырылуда. Стансы жиынтық қуаты 60 МВт. болатын 24 жел энергетикалық қондырғыдан, қосалқы стансыдан және электр беру желілерінен тұрады.

Бүгінде нысанның өндірістік алаңында құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ құрамындағы «Энергия Семиречья» ЖШС жүргізуде. ЖЭС-тің құрылысы кезінде 300 жұмыс орнын, ал стансы пайдалануға берілгеннен кейін тұрақты 14 жұмыс орнын ашу көзделген.

ЖЭС жылына 225 750 мың кВт-сағ.электр энергиясын өндіреді деп күтілуде. Компания мамандарының сөзінше, жел энергетикалық қондырғыларын суық континенталдық климат (–30+43С), сейсмикалық белсенділігі 10 балл және желдің жылдамдығы – II класс жағдайында пайдалануға болады. Жел турбиналары IEC 61400-series «Жел турбогенераторлық жүйелері» халықаралық стандарттарына сәйкес келетін техникалық және экологиялық қасиеттерге ие.

Екінші жел электр стансысы Ақмола облысындағы Ерейментау қаласының маңында орналасқан. Ол жердегі желдің әлеуетін ескере отырып, стансы алаңында германдық «ENO Energy GmbH» фирмасы жасап шығарған, әрқайсысының қуаты 4,8 МВт. және белгіленген жиынтық қуаты 50 МВт. болатын 11 ЖЭҚ орнату жоспарланған. Нысанның құрылысы оған осы уақыт ішінде жергілікті тұрғындардан 100 адамды жұмысқа тартуға мүмкіндік береді.

Пайдалану кезінде стансыға 16 адам қызмет көрсететін болады. Жобаны «Самұрық-Энерго» холдингіне қарасты, жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр энергиясын өндіруге маманданған  «Ereymentau Wind Power» ЖШС іске асыруда.

Сарапшылардың бағамдауынша, Қазақ- станның жаңартылатын көздерді пайдаланудағы әлеуеті зор. «Жасыл» энергетикаға  көшу, «жасыл» технологияларды енгізу – бұл жаһандық экономиканың өсіп келе жатқан векторы.

Мәселен, Алматы облысында, «Самұрық-Энерго» мамандарының бағамдауынша, электр энергиясының негізгі көздері – Алматы ЖЭО-лары, Қапшағай және Алматы СЭС-інің каскадтары, Есік СЭС-і, «Мойнақ» СЭС-і, Қаратал СЭС-і. Өзінде өндіруші қуат көздері жетіспегендіктен облыстың электр энергиясына деген қажеттілігі қолда бар энергия көздерімен 50 пайызға ғана жабылады. Жел энергиясы ресурстарының әлеуеті жоғары өңірде ЖЭК-тің кезекті нысанын пайдалануға беру қоршаған ортаға тигізетін әсерін неғұрлым азайта отырып, электр энергиясына деген тапшылықты ішінара шешуге мүмкіндік береді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы