АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНА ҚАТЫСТЫ СЫН-ЕСКЕРТПЕ БЕРДІ

Уақыты: 05.10.2020
Оқылды: 1061
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Талдықорған қаласындағы құрылыс пен жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралады.

Алдымен облыс әкімі Алматы-Талдықорған күре жолының бойында салынып жатқан «Береке» коттеджді қалашығының құрылыс жұмыстарымен танысты. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан баспанаға 8,5 млрд.теңге көлемінде қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарының қарқынына көңілі толмаған Амандық Баталов:

– Құрылыс баяу жүруде. Одан бөлек, сыртқы келбеті де көңілге қонбайды. Барлығын біркелкі, әдемі, қанық түсті бояумен әрлеуді тапсырғанмын. Көше шамдарын да ауыстыру қажет. Биік, қазіргі заманға сай шамдар қойыңыздар, – деген ол бірқатар ескерту жасап, кемшіліктерді түзеуді тапсырды.

Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың айтуынша, қала күнін мерекелеу кезінде 71 коттежді үйдің кілті табысталады. Желтоқсан айында 48 отбасы баспаналы болады.

Естеріңізге сала кетейік, «Береке» қалашығының құрылысы 2018 жылы басталды. Жоспар бойынша 620 коттеджді үй 2021 жылға дейін табысталады. Оның 157-сі 2018 жылы, 46-сы 2019 жылы пайдалануға берілген еді.

Аймақ басшысы Ынтымақ ауылында салынуы тиіс 1200 орынды мектептің жобасымен де танысты. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 2,9 млрд.теңге бөлінген нысанның бүгінде төменгі бөлігі құйылған. Құрылыс алаңында 35 жұмысшы, 6 техника бар. Алыс-жақын маңдағы білім ордасына қатынаған ауыл балалары 2021 жылы су жаңа мектеп қабырғасында білім алады деп күтілуде.

Облыс әкімі Өтенай ауылындағы №21 орта мектептің күрделі жөндеу жұмысымен де танысты. Мектепке дейінгі шағын орталығы бар мекеменің жөндеу жұмысы ағымдағы оқу жылының екінші тоқсанында аяқталады. Мектеп оқушыларына облыс әкімдігі тарапынан «BWC» маркалы 20 орынды отандық автобус сыйға берілген. Сонымен қатар, жаңадан ашылған сынып кабинеттерімен танысып, қайта салынып жатқан спорт залдың құрылысын көрген Амандық Ғаббасұлы мұнда да бірнеше ескерту жасады.

Облыс басшысы мектептегі спорт залының төбесін қайта жобалау қажеттігін, заманауи жарықтандыру жүйесін орнатуды тапсырды. Сондай-ақ, Амандық Баталов айтылған сын-ескертпелерге мән беріп, тапсырмаларды тез арада орындауды жүктеді. Сөзінің соңында алдағы уақытта да аталмыш нысандарды қатаң қадағалауда ұстайтынын айтты.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы