КЕЙБІР ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫ БЕЛГІЛЕНГЕН МЕРЗІМНЕН КЕШІГІП ЖАТЫР

Уақыты: 09.10.2020
Оқылды: 1058
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы бойынша 58 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 354 нысан ағымдағы жөндеу үстінде. Кейбір құрылыс нысандары белгіленген мерзімнен кешігіп, жоспарға ілесе алмауда. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам ӘЛИДІҢ төрағалығымен өткен селектор отырысында баяндалды.

Селекторлық режимде өткен жиналыста құрылыс барысында мәселе туындаған аудан мен қала басшылары баяндама жасады. Олардың қатарында Кеген, Іле, Еңбекшіқазақ, Қаратал, Ескелді, Райымбек аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларының басшылары бар.

Кеген ауданы бойынша ағымдағы жылдың жоспарында 5 мектеп болды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Жылысай ауылындағы М.Орманов атындағы мектептің жұмысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Ә.Ниязбеков және С.Бейсембетұлы атындағы білім ордасының құрылысы қазіргі уақытта күрделі мәселеге айналып отыр. Екі мектептің де құрылыс жұмыстарына бір мердігер компания жауапты. Аудан әкімдігі, білім бөлімдері келісімшарттың аяқталу уақытын күтіп отыр.

– Аталмыш бағдарлама аясында 120 орынды Ә.Ниязбеков және 360 орынды С.Бейсембетұлы атындағы орта мектебі ғимараттарын жөндеу жұмысын тендер арқылы бір мердігер компания ұтып алған еді. Ендігі кезекте жауапты фирманың құрылысты аяқтап, өткізуге еш мүмкіндігі жоқ. Техникалық, материалдық базасы толық емес компанияның конкурсты қалай ұтып алғанын да білмейміз. 1 қарашаға дейін Ә.Ниязбеков атындағы мектеп ғимаратын жөндеуді аяқтап, пайдалануға береді деп күтіп отырмыз. Құзырлы органдарға берейік десек, келісімшарт қазан айының 15-не дейін. Уақыты аяқталғаннан кейін сотқа жүгінеміз. Ал, С.Бейсембетұлы атындағы мектепте қазіргі таңда «Томас» компаниясы жұмыс жүргізуде. Техникалық бақылау қызметі мен авторлар келіп, жобада кемшіліктер кеткенін байқаған. Сол себепті мердігер компания жасалған жұмысты қайта бұзып, басынан бастап жасауына тура келді. Соған қарамастан жұмыс 75 пайызға аяқталды. Компанияның қарашаның 1-не дейін аяқтаймыз деген уәдесі бар. Келісімшарт 15 желтоқсанға дейін болғандықтан, құзырлы органға жүгіне алмай отырмыз, – деп Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков баяндады.

Өз кезегінде Рустам Әлиұлы берілген мерзім ішінде мердігер компания нысандарды тапсырмаса, баспасөз, әлеуметтік желі арқылы компания атауларын жариялауды ұсынды. Бұл өз кезегінде жұмыс тәжірибесі, техникалық базасы жоқ мекемелердің осы сынды конкурстарға қатыспауына септігін тигізеді. Келісімшартты бұзып, құзырлы органдарға жүгіну керектігі де айтылды.

Жиын барысында Іле ауданындағы «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдармасы аясында «Әдемі» балабақшасы ғимаратының 40 пайызға, «Қуат» балалабақшасы ғимаратының  60 пайызға аяқталғаны белгілі болды. Сондай-ақ, Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек колледжінің құрылыс жұмысы бақылауда. Аудан әкімі мен жауапты тұлғалар құрылыс нысанын назарға алған.

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекованың айтуынша, Талдықорған қаласындағы Абай атындағы орта мектептің құрылыс жұмысына жауапты компания апта соңына дейін тағы да 20 адам әкелуді жоспарлап отыр. Апта ішінде демонтаждау жұмыстарын аяқтап, ішкі жұмыстарын жасауға кіріседі.

– Облыста биыл 58 білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойыша 354 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталды. Пандемияға байланысты жұмыс күшінің аздығынан бірнеше нысан жоспардан қалып, кешігіп жатыр. Мысал ретінде, Талдықорған қаласындағы Абай атындағы орта мектепті, Текелі қаласы мен Іле, Кеген аудандарындағы нысандарды атап өтсек болады. Тендерлік конкурстың дұрыс өтпегендігінен оны бірнеше рет жариялап, қайта өткізуге тура келді. Нәтижесінде, белгілегенген мерзімнен кешігуге жол берілді, – деген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова құрылыс нысандары аудандық, қалалық білім бөлімдері мен аудан әкімдігінің бақылауында екенін жеткізді.

Соңынан Рустам Әлиұлы Абай атындағы орта мектептің жұмысына жауапты компанияның белгіленген талаптарды орындауын қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ, апта соңында аталған мәселелерге қатысты жиын өткізетінін айтты.

Еңлік МАРХАБЕКҚЫЗЫ

Сурет ғаламтордн алынды