ПАНФИЛОВ АУДАНЫ: ЖАЗ ЖАҢБЫРСЫЗ ӨТСЕ ДЕ, ЖҮГЕРІДЕН ТҮСІМ МОЛ

Уақыты: 12.10.2020
Оқылды: 1335
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өңір диқандары үмітін ала жаздайғы еңбегінің нәтижесіне және өндірген өнімнің өтімділігіне артып отыр. Олардың қазіргі ниет-тілегі – күн суытпай «дала аруының» дәнін жинап, кептіріп, қамбаға кіргізіп алу. Биыл құрғақшылықпен жер апшысын қуырған ауа райы мал шаруашылығымен қатар егіншілерге де айтарлықтай қиындық әкелді.

Алажаздай жауын аз жауғандықтан диқандар күннің ыстығынан ағын суды үнемді пайдаланып, егістік алқаптарын үстемелеп суару арқылы сақтап қалды. Жанкешті еңбектің нәтижесінде күннің ыстығы мен ылғалды жақсы көретін «дала аруы» атанған дақылдың бітік бой көтеруі мен пісіп жетілуі жылдағыдан кемшін емес.

Үстіміздегі жылы жаркенттік диқандар жалпы 26 мың гектардан астам жерге «дала аруының» әртүрлі сұрыптарын өсірген болатын. Қатардағы тауарлы жүгері сорттарымен бірге еліміздің солтүстік, шығыс аймақтарын жүгері тұқымымен қамтамасыз ететін өңірде «дала аруының» элиталық тұқымдық түрлері де мол егілді. Өңір жүгерішілері өздері өсірген дақылдың ерте пісіп жетілетін сұрыптарын қыркүйек айының орта шенінде жаппай орып жинауға кірісті.

– Жүгері жинау науқаны жаппай басталған алғашқы аптаның өзінде 7 мың гектарға жуық алқаптың өнімі орылып, қырмандарға 43 мың тоннаға жете-қабыл астық әкелінді, – дейді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Тұрғанғали Кішкенебаев. – Қазіргі қарқынмен әр гектардан жиналған дән орташа есеппен 63,3 центнерден айналып отыр. Жаздың жаңбырсыз, ағын судың жылдағыдан аздығын ойға алсақ, бұл көрсеткіш көңіл көншітеді деуге де негіз бар.

Бас маманның мәліметі бойынша, Үшарал ауылдық округінде 625 гектардағы жүгері алқабының өнімі жиналып, қырманға 4000 тоннадан астам дән әкелінген. Науқан басталған алғашқы аптада Көкталда 600, Пенжімде 1200, Үлкеншыған ауылында 750 гектар жердің астығы жиналып, бұл округтерде де өнімділік көрсеткіші жоғары екен.

– Өңірде жүгері жинау науқаны түгел дерлік техника күшімен атқарылады. Биылғы науқандық жұмысқа аудан бойынша жалпы 90 жүгері оратын комбайн, оның 34-і алқаптан дәнді бірден уатып жинайтын әмбебап комбайн, 654 трактор, мыңнан астам тіркеме әзірленген. Егіншілер биыл да бірқатар жаңа техникалар сатып алды. Өткен тоғыз айда ауданда жаңадан жалпы бір миллиард теңгеге 46 техника сатып алынса, соның 33-і трактор, үшеуі «Джон Дир» текті әмбебап комбайн және 10-ы ауылшаруашылық агрегаттары, – дейді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің техника жөніндегі бас маманы Олжас Қани.

Жазиралы Жаркент өңірі егіншілерінің негізгі тіршілігі «дала аруын» өсірумен байланысты болғанымен мұнда жергілікті халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қажет басқа да дақылдар аз емес. Айталық, биыл жаркенттік диқандар 414 гектар жерге жаздық бидай өсіріп, одан 946 тонна дән жинаған. Сол сияқты 567 гектарға арпа өсіріп, 1360 тонна өнім алды. Картоп, көкөніс, бақша, жеміс-жидектен де мол өнім жиналды.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы