ҚАПШАҒАЙДА АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ ЖОСПАРМЕН ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Уақыты: 14.10.2020
Оқылды: 932
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қапшағай қаласының аббатандыру, көгалдандыру істері жоспарлы түрде атқарылуда. Бұл туралы Қапшағай қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қала аумағын аббатандыру, көгалдандыру, санитарлық тазарту жұмыстары жыл сайын дәстүрлі түрде көктем-күз айларында жүргізіліп келеді. «Қапшағай қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемелекеттік мекемесімен біраз жұмыстар қолға алынып, кезең-кезеңімен атқарылып жатыр.

Мәселен, «Аула алаңдарын абаттандыру, 1-кезек Қапшағай қаласы Алматы облысы» жобасы бойынша 33 аула алаңы абаттандыру сараптамасынан өтіп, бюджеттен 933,3 млн.қаражат бөлінген. Соның нәтижесінде өңірдің 1-2-3 ықшамаудандарына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде аталған өтпелі жобаны жалғастыру мақсатында «Асыл Тау» ЖШС мердігер ұйымымен 682 млн.теңгеге келісім шарт жасалып, 107,217 млн.теңгесі игерілген. Яғни, 17 тұрғын үй ауласы жасалған.

Онда балалар ойын, спорт алаңдары, қоқыс жәшіктері, шаруашылық орындары, орындықтар қойылып, айналасына тас жол түсті. Жиек тастармен көмкеріліп, жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар отырғызылып, бүгінде көз тартарлық жерге айналған. Сол секілді «Аула алаңдарын абаттандыру-2 кезек» бағдарламасы шеңберінде 4,5,18 және Сейфулин, Ивушка, Спутник шағынаудары сынды 38 аула қалпына келтірілген. Жоба құны - 3289,8 млн.теңге. Сондай-ақ, биыл қалалық аурухана ауласы, Алматинская, Абай, Достық, Мостостроитель, Больничная көшелерінің ауласын көгалдандырып,абаттандыруға жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптама өткізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, аймаққа қарасты 8 жағажайды көріктендіру негізінде жұмыстар қолға алынуда. Оның 5-ші жағалауына жөндеу істері жүргізіліп, тас төсеуіштер салынды. Кіре беріс жолдары, жиек тастарын орнату, балалар алаңдары жасалды.

Дәл осындай 6, 7 жағажай бойы жаңадан салынып, мұнда 265 автотұрақ орны, әкімшілік корпус, жуыну, әжетханалар, жазғы кафелер, сауда орындары, футбол мен волейбол алаңдар және демалушыларға арналған тынығу жерлері жасалып, қажетті жабдықтармен қамтылған. Бөлінген қаржы сомасы 580 млн.теңгені құрайды. Ал, 8-ші жағалау бойынша құрылыс монтаждау жұмысына 1977 млн.теңгеге бюджеттік өтінім беріліп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Алып жатқан аумағы 50 га, ұзындығы 1,4 шаршы метр.

Одан басқа, өңір басшылығы аумағындағы жасыл желектерін молайтып, оны күтіп-баптауға ерекше ден қойылған. Соған орай, кешенді іс-шаралар қабылданған. Нақты айтар болсақ, көгалдандыру, суару, гүл егу қызметтерін көрсету үшін «Бастау» мүмкіндігі шектеулі қоғамымен арнайы келісімшарт жасалған. Ол бойынша аталған серіктестік 52667,2 шаршы метр аумаққа 20 мың біржылдық гүл отырғызып, арам шөптерін шауып, уақытылы суарып, топырағын ауыстырып, қураған ағаштарын кесу ісін жүргізген.

Осы сынды жұмыспен «Жан жүрек» инвалидтер одағы 7,9 млн.теңгеге келісімге отырып, көктем және күз мезгілдерінде жас көшеттер егіліп, оған қарап, баптауымен айналысқан. Атқарылған жұмыс нәтижесінде аймақ шеңберінде 1200-ден астам ағаш  отырғызылды, оның 300-і қылқан жапырақты. Онымен қоса, қала аумағы мен елді мекендерде тазалау жұмыстары да жүйелі жүргізіледі. Соған сәйкесінше, аймақта санитарлық штаб құрылып, олар жоспар бойынша маңайды жинау істерімен айналысып келеді.

Демек, әр жауапты тұлға өздеріне тиесілі учаскелерін таза ұстау міндеттелген. Соның нәтижесінде қала шеңберінен жыл бойына 400 тоннадан астам қатты-тұрмыстық қалдық шығарылған. Іргелес ауылды жерлер санитарлық талаптарға сай болмағаны анықталып 253 жеке және заңды тұлғаны учаскелік инспекторлар әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Әлбетте осындай олқылықтар орын алмас үшін үнемі өңірде халық арасында түсіндіру насихат жұмыстары да жүргізіліп келеді. Үстіміздегі жылы осы бағытындағы істерді жалғастыру үшін 47,5 млн.теңге бөлініп, онымен «Қапшағай Коркейту» мемлекеттік коммуналдық мекемесі айналысуда. Тағы да сол сияқты 7 жағажайдың айналасы күніне үш рет, ал демалыс кездерінде 7 мәрте тазартылып, реттеліп отырады. Жоғары да аталған мекемеден бөлек қала бойынша «Альянс Центр», «Капшагай АТО», «Сенім», «Таза жер» ЖШС-і қоқыс жинап, шығарумен шұғылданады.

Қапшағай қаласында қатты-тұрмыстық қалдықтарды бөліп салу жүйесі енгізілген. Қазіргі таңда пластик, қағаз, шыны қалдықтарына арналған 175 жәшік, аса қауіпті люминисценттік шамдарға, батареяларға бағытталған 16 контейнер орнатылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"