ҮКІМЕТ: ПАНДЕМИЯҒА ҚАРАМАСТАН ЕЛІМІЗДЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ҚАЛЫПТЫ

Уақыты: 14.10.2020
Оқылды: 1155
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен селекторлық үлгіде өткен Үкімет отырысының кезекті жиынында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2020 жылғы қаңтар-қыркүйектегі республикалық бюджеттің игерілу мәселесі сөз болды.

Басқосуда мінберде тұрып есеп берген Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов пен қаржы министрі Е.Жамаубаев экономиканың, бүгінгі банк саласының жағдайын, сондай-ақ, республикалық бюджеттің атқарылуы жөнінде айтты. Ал өнәркәсіп пен энергетика секторындағы ахуалды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Н.Ноғаев айтса, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдайға Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров тоқталды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша қыркүйектегі нәтиже тамыздағы көрсеткішпен салыстырғанда ұлғайған. Мәселен, сауда-саттық 2,7 пайызға, байланыс 1,3 пайызға, көлік және қойма саласы 1,2 пайызға өскен. Қызмет көрсету секторының өсуі шағын және орта бизестің белсенділігін көрсетеді.

Статистикаларды тыңдап шыққан Асқар Ұзақбайұлы:

– Көрсеткіштердің тұрақты өсу үрдісі жалпы экономиканың қалпына келуін көрсетеді. Жалпы, Қазақстан экономикасы пандемия мен жаһандық экономикалық дағдарыстың елеулі әсеріне қарамастан, нақты секторда да, қызмет көрсету саласында да өсу қарқынын сақтауда, – деді.

Селекторлық жиында, әсіресе, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында экономикалық көрсеткіш жоғары екендігі айтылды. Жалпы экономиканың базалық салаларында қабылданып жатқан шешімдердің арқасында тоғыз айдағы көрсеткіш көңіл қуантады. Алайда Премьер-Министр осы нәтижелерге тоқмейілсіп қалмай, Президент жүктеген міндеттерді тиянақты орындауды тапсырды.

Жиын соңында Асқар Мамин: «Бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты жыл соңына дейін бекітілген жоспардың 100 пайыз орындалуына қол жеткізу керек. Қазіргі жағдайда бюджеттің атқарылуы тұрғысынан орталық және жергілікті органдардың басшылары жыл соңына дейін тиімді және уақытылы игеруді қамтамасыз етуі тиіс. Жыл соңына дейін үш ай қалды және барлық жобаларды іске асыру үшін күш-жігерді аямау керек», – деді.

Қали АСҚАР

Сурет - ғаламтордан