ЖУРНАЛИСТЕР КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНЫҢ ДАМУ КӨРСЕТКІШІМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 15.10.2020
Оқылды: 1338
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Жетісу-Медиа» КММ қызметкерлері мен Кербұлақ ауданы әкімдігі бірлесіп, тілшілерге арнайы баспасөз-турын ұйымдастырды. Ауыл-ауылды аралаған тілшілер атқарылып жатқан ауқымды шаруалармен жақын танысып, көңіл тоғайтып қайтты.

Бір топ тілші таң бозынан Талдықорған қаласынан шығып, Күреңбел өңіріне жол тартты. Оқтай түзу жолмен жүйткіген шағын автобус журналистерді діттеген жерге уақытылы жеткізді. Бізді Алматы-Өскемен тас жолы бойындағы айналма көпірде Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев қарсы алып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында қысқаша әңгімелеп берді.

Бұдан әрі Қарашоқы ауылына қарай жол тарттық. Көздеген жерге жеткенше әкім бізге қай салада болсын өрлеу бар екенін айтты. Махаббат Сәдуақасұлының сөзіне қарағанда, оңды істерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың көмегі зор. Елді өркендету бағытында қолға алынып жатқан жобалар мен бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы да жаман емес. Құрылыс жұмыстары жанданып, газ тартылуда, тал-теректер отырғызылып, демалыс орындары пайда болған.

Аудан халқы негізінен егін және мал шаруашылығымен шұғылданады. Бұл салалар да алға басып келеді. Биыл былтырғыға қарағанда егістікке арналған жер көлемі артқан. Астық ору науқаны сәтті аяқталып, күздік жұмыстар талапқа сай орындалған. Барлығы 93 мың 338 гектар алқаптан 141 мың 926 тонна астық жиналып, әр гектары 15,2 центнерден айналған. Картоп, мақсары, майлы дақыл жинау жұмыстары да талапқа сай іске асқан. Шаруа қожалықтары биыл 41 ауылшаруашылығы техникасын сатып алыпты.

Төрт түлік те көбею үстінде. 9 мал бордақылау алаңы, 7 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Мал шаруашылығы кешендерінде 240 бас ірі қара бордақыланып, 860 бас сиыр сауылуда. Малдың қыстан қысылмай шығуы үшін қажетті жемшөп қорытолық дайын. Биыл өңірде суармалы алқапты қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар бастау алған. Мәселен, Аралтөбе, Еңкөл су қоймаларын күрделі жөндеуге 511 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Жайнақ батыр, Талдыбұлақ, Шанханай ауылдарындағы тасқын және еріген қар суларының жиналуына арналған Жаманбұлақ, Талдыбұлақ, Матай тоғандарын қайта жаңғырту жұмыстарының жобалары жасалған.

Біз «Қызылшоқы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабына табан тіредік. Ол жерде әлі тірлік жүріп жатыр. Аталған серіктестік басшысы Алдан Бекиев бізге өздерінің жұмыстары жайында әңгімелеп берді.

Айтуынша, олар аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне барынша үлес қосып келеді. Сарыбастау ауылдық округінде орналасқан шаруашылық 1997 жылы құрылыпты. Негізінен олар егін және мал шаруашылығымен айналысады. Барлығы 11 мың гектар жер бар. Егілген егіс көлемі 3 мың гектарды құрайды. Биыл 1500 гектар жерден күздік бидай орылып, орташа түсім 15 центнерден айналған. Ал 1200 гектар алқаптанжаздық бидай жиналып, гектарынан 10 центрден өнім алған. Жалпы, күзгі жиын-терін жұмыстарының басым бөлігі ойдағыдай аяқталыпты.

Малға арналған жайылым жердің көлемі - 8 мың гектар. Ірі қара, жылқы, ұсақ мал да жетеді. Ауылшаруашылығы жұмыстарын бәсеңдетпей, алға жылжыту үшін техникалардың атқаратын жұмыстары ұшан-теңіз. Осыны ескерсек, оларда 3 комбайн, 5 «Белорусь», 5 К-700 тракторлары мен 3 «КамАЗ», 5 тұқымсепкіш сақадай-сай жұмыс атқарып тұр. Жаңа техникаларға да қол жеткізген. Мемлекет тарапынан элиталық тұқым мен гербицидтерге субсидия берілген. Минералды тыңатқыштарды да арзандатылған бағамен алыпты.

Шаруашылықта он адам еңбек етеді, маусымдық уақытта олардың саны көбейіп, елуге дейін жетеді. Барлығы жергілікті тұрғындар. Алар асу әлі алда. Осы ретте алға қойған жоба-жоспарлары мен мақсат-тілектері көп. Сол себепті шаруашылық жұмыстарынбарынша жандандырып, істерін алға оздыруды мақсат тұтады.

Егістік алқабындағы жұмыстармен танысқан соң Сарыбастау ауылының асфальтталған кірме жолын көріп, жаңа салынған шағын футбол алаңының ашылу салтанатына куә болдық. Аталған елді мекенге дейінгі жол тақтайдай түзу, яғни, жөндеуден өткен. Осы ауылдың ішкі көшелері де асфальтталыпты. Аудан әкімінің сөзінше, жолдар мен ауыліші көшелерін қайта жөндеуден өткізу бойынша мәселелер біртіндеп оң шешімін тауып жатқан көрінеді. Ауылға көшіп келушілер де көбеюде.

Жалпы, биыл жергілікті бюджеттен Сарыбастау ауылдық округіне қарасты Сарыбастау ауылының кірме жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл үшін 15 миллион 100 мың теңге қаражат бөлініп, бүгінде жұмыстар толық аяқталған. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 8 ішкі көше жолдарына орташа жөндеу жүргізіліп, қолданысқа берілген. Бұл жұмыстарға 106 миллион теңге қаражат қарастырылған. Жол жөндеу істері өңірдің басқа да елді мекендерінде жүріп жатыр. Аудан бойынша ағымдағы бекітілген бюджетпен ауылдардың кірме жолдары мен ішкі көшелерін жөндеуден өткізуге жалпы 397 миллион 195 мың теңге қаражат бөлінген.

Сөйтіп, біз Сарыбастау ауылындағы жаңа шағын футбол алаңының салтанатты ашылу рәсімін тамашаладық. Махаббат Сәдуақасұлы сөз сөйлеп, ақ тілегін арнады. Ол басты байлықтың денсаулық екенін және оны сақтауда салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортпен шұғылданудың маңызының зор екенін айтып, жиналғандарды қуанышымен құттықтады. Бұған ауыл жастары да қосылып, алғыстарын жаудырды.

Жалпы, аудан бойынша барлығы 141 спорт нысаны бар. «Өңірлерді дамытудың 2020–2052 жылдарға арналған бағдарламасы» арқылы Сарыбастау, Шұбар, Қарағаш ауылдарына шағын футбол алаңын салуға 23 миллион 42 мың теңге бөлінген.

Сарыбастау орта мектебін де көріп қайттық. Үш қабаттан тұратын білім ғимараты заман талабына сай. Мектеп іші кең әрі жарық, терезелері үлкен. Аталған білім ошағы 1979 жылы салыныпты. Содан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында мектепті жөндеуден өткізу үшін 467 миллион 395 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

Күрделі жөндеуден өткен білім ошағының ашылуы салтанатты түрде өтті. Махаббат Сәдуақасұлы сөз сөйлеп, ұстаздар мен мектеп оқушыларын құттықтады және мектепке теледидар сыйға тартты. Бұдан соң ішін аралап көріп, ризашылығын білдірді.

Сарыөзек ауылының орталығынан орын тепкен Әбікен Сарыбаев атындағы аудандық Мәдениет үйін де көрдік. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде ғимараттың шатыры ретке келтіріліп, іші, сырты әрленіп жатыр. Құрылыс істерінің басым бөлігі аяқталған. Бас мердігер «Нұр-Шапағат Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Биылдың маусым айында басталған құрылыс істері қараша айының соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Барлығы 40 шақты адам жұмысқа тартылған. Нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына 302 миллион 105 мың теңге қаражат бөлінген.

«Өңірлерді дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде Шоқан Уәлихановтың 185 жылдық мерейтойына арналған аудан орталығындағы саябақтың құрылысы мен түнгі жарықтандыру және газдандыру жұмыстарымен де таныстық. Біз барған сәтте аталған саябақта құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатты. Бұл жерде 50-ге тарта ауыл тұрғыны еңбек етуде. Мамандардың айтуынша, құрылысқа отандық бұйымдар пайдаланылуда. Осы жылдың тамыз айында басталған жұмыс келесі жылдың көктемінде аяқталып, ел игілігіне берілмек. Ауыл адамдарының алаңсыз демалуы үшін саябақта ағаштар отырғызылып, орындықтар орнатылатын болады. Көгалдандырылып, гүлдендірілуі де талапқа сай іске аспақ. Оның құрылысына 150 миллион теңге бөлінген.

2019–2020 жылдары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Сарыөзек ауылының 48 көшесіне 359 миллион 522 мың теңгеге қуаттылығы 100 Ваттық жарық диодты түнгі жарық шамдары орнатылған. Сонымен бірге, ауылда 866 дана түнгі шамдарын жарық диодты шамдарға ауыстыру жұмыстарына да қомақты қаражат қарастырылып, бұл бойынша жұмыстар толық аяқталған.

Аудан бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы Қарашоқы, Қоғалы ауылдарының түнгі жарықтандыру шамдарын орнатуға 199 миллион 502 миллион теңге бөлініп, пайдалануға берілген. Көксу, Жайнақ батыр ауылдарының көшелеріне түнгі жарықтандыру шамдарын орнатуға да қомақты қаражат қарастырылып, бұл бойынша құрылыс жұмыстары аяқталған. Шұбар, Басши, Сарыбастау, Қаспан ауылдарының көшелеріне түнгі жарықтандыру шамдарының құрылысын жобалау жұмыстарына 6 миллион 963 мың теңге бөлініп, жоба әзірленуде. Сол сияқты газдандыру жұмыстары да өріс алып келеді.

Биыл аудан орталығында газ құбырын салу жұмыстары «Мемлекеттік жеке серіктестік» арқылы жүргізілуде. 2018–2020 жылдар аралығында «Өңірлерді дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған бағдарламасы» арқылы Сарыөзек ауылының кәріз жүйесінің қайта жаңғырту мен құрылыс жұмыстарына бюджеттен 1 миллиард 48 миллион теңге қаражат бөлініп, ұзындығы 9,2 шақырым кәріз жүйесі жүргізілген. Сондай-ақ, 3 биологиялық, химиялық тазалау блоктары орнатылған. Осы сияқты басқа жұмыстар жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, ауданда «2015–2019 жылдарға арналған аймақтарды индустрияландыру картасы» бағдарламасы аясында Қазақстан мен Сингапур бірлескен «Alacem» ірі цемент зауытының құрылыс жұмыстары аяқталуға таяған.

Біз зауытқа келіп, жүріп жатқан жұмыстарды көрдік. Бұл жердегі атқарылып жатқан жұмыстар жайында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Әденов әңгімеледі. Айта кетейік, жалпы бұл жобаның құны 47 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың жылдық өндіріс қуаты - 1 миллион 200 мың тонна. Құрылыс істері 2018 жылдың мамыр айында басталып, толық аяқталды. Қазіргі кезде әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Өндіріс ошағы бүгінде 200 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта тағы 150 адамды жұмысқа алу жоспарда бар.

Жобаны жүзеге асыру барысында әлемдік стандартқа сай келетін алдыңғы қатарлы технологиялар мен құрылғылар орнатылып, зиянды заттардың ауаға таралуына жол бермейтін сапалы сүзгілер қойылған. Сондықтан, зауыттың экологияға еш зияны жоқ. Зауыт өнімі облыс қажеттілігін толық өтейді. Ал сапасы жағынан ірі инфрақұрылымдық жобалардың талаптарын қанағаттандырады. Сонымен бірге, «Alacem» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 2 миллиард теңге салық төлейді. Демек, зауыт аудан және облыс экономикасының дамуына үлкен серпін береді деген сөз.

Баспасөз туры соңында журналистер Шоқан Уәлихановтың зиратына барып, мемориалдық музейін көрді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы