ҚАРАТАЛ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА БАЙЛАНЫСТЫ КЕЛІСІМШАРТ ЖАСАЛДЫ

Уақыты: 18.10.2020
Оқылды: 1169
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қаратал ауданы бойынша от жағу маусымына барлығы 407,0 мың литр сұйық отын қажеттілігі бекітіліп, сатып алу келісімшарты жасалды.

– Күннің суытуына байланысты аудан бойынша әлеуметтік маңызды нысандарда 3 қазаннан бастап от жағу маусымы басталды. Аудан бойынша жалпы 68 мекемені көмірмен қамтуға 33,8 млн.теңге бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Пеллетпен жылытылатын 8 мектепке 727,9 тонна биоотын сатып алу үшін «Медеу Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 37,122 млн. теңгеге келісімшарт жасалды. Бүгінгі күнге 70,7 тонна биоотын жеткізілді. Мектептердің өтініміне сәйкес қажетті биоотын дер кезінде жеткізіледі, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Сәуле Батырбекова.

Айта кетерлігі, орталықтандырылған жылуға 162 нысан қосылған. Алдағы жылыту маусымына «Жылыту орталығы» ЖШС орталықтандырылған қазандық шаруашылығына барлығы 2340 тонна мазут қажет. Жылыту маусымында сұйық отынмен қамтамасыз ету мақсатында  облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы «Petro sun» ЖШС арасында келісімшарт жасалған.

Аудан бойынша тұрғындарға қажетті қатты отын көлемі 48 000 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда аудандағы тұйықтамаларға 17871 тонна қатты отын (37 пайыз) жеткізілді. Бүгінгі күні аудан орталығын «Сауда көмір», «Идигова» және «Ин-Сан» жеке кәсіпкерлігі қамтамасыз етуде. Көмірдің нарықтағы орташа бағасы 13900 теңге көлемінде.

Нысандарды қысқы жылыту маусымына дайындау барысында тиісті органдармен қаралып, дайындық паспорттары толтырылды. Орталықтандырылған су құбырлары мен су бұрудың құдықтары, люктері жабылуда, сорғы стансыларының ғимараттарын жылыту шаралары қолға алынды. Электр желілеріне, трансформаторлық стансыларға ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп, майлары ауыстырылуда. Осылайша, аудан көлемінде жылыту маусымының әзірлік жұмысы жалғасып жатыр. 

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан