КӨШПЕЛІ БРИФИНГ: ЖУРНАЛИСТЕР БАЛҚАШ АУДАНЫНА БАРЫП ҚАЙТТЫ

Уақыты: 19.10.2020
Оқылды: 954
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өңірдің тұрмыс-тіршілігімен танысуды мақсат еткен «Жетісу медиа» қызметкерлері кезекті шараны Балқаш ауданында ұйымдастырды. Сексеуілді өңірге жеткенше журналистер қауымы Жетісудың табиғат сұлулығына тағы бір мәрте тәнті болды. Көшпелі брифингте аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов өңірдегі жаңалықтарды Бақанас ауылында салынып жатқан саябақты таныстырудан бастады.

Саябақ ішіне балалар ойнайтын әткеншек, орындық, жарықшамдар орнатылыпты. Ескі талдар кесіліп, жаңалары отырғызылмақшы екен. Ұзын саябақтың бойы ойын алаңы мен жаяу жүргіншілердің серуендеуіне арналған.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында «Дене шынықтыру және сауықтыру» кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс желтоқсан айында аяқталмақшы. Сонымен қатар, «Капстройгрупп-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бақанас ауылынан 20 жалгерлік үй салып жатыр. Заманауи негізде тұрғызылған баспананың бөлмелері жарық әрі кең. Отын жағатын орны бөлек. Қаладағы үйден бір кем емес. Жалпы, Балқаш ауданында құрылыс қарқыны жоғары.

Аудан күріш өсірумен шұғылданғандықтан біз барғанда жиын-терін аяқталып жатыр екен. «Тамшыбұлақ» шаруа қожалығының диірмені күрішті тазалап, қаптап, сатылымға әзірлеп жатты. Басқалары жиын-терінді аяқтаған. Күріш дақылын шабу, бастыру жұмыстарына барлығы 26 комбайн қатысқан. Өңір бойынша 7617 гектар күріш бастырылып, орташа өнімділік 40 центнерден айналыпты.

Балқаш өңірінің өрісі малға толы. Аудандағы ірі қара малының саны – 96 987 бас. Жылқы 26 773 басқа, түйе 128 басқа жеткен. Барлығы 100 тонна ет экспортталған. Аудан бойынша асыл тұқымды мал санының үлесі 22687 басқа жеткен.

Бақанас ауылындағы 40 гектар жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік коммуникациялық желілер тарту және су тарту жұмысына 130,8 млн.теңге қаражат бөлініп, жұмыс толығымен орындалған. «Өңірлерді дамыту– 2020» бағдарламасы аясында 3 ауылға абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Бақбақты ауылының кіреберісіндегі Хван көшесі, Балатопар ауылының орталық саябағының абаттандыру жұмыстары және Бірлік орта мектебінің жан-жағы көркейтіліпті.

Жалпы аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1725, ондағы жұмыс істейтін адамдар саны – 5540. Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе – санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету және коронавирус инфекциясының алдын алу. Ауданда коронавирус инфекциясының алдын-алу мақсатында орталық ауруханадан 2 бөлімше жасақталған.

Коронавирустық инфекцияға күдіктілерді оқшалаулап жатқызуға аурухананың  облыстық паллиативтік көмек көрсету орталығынан 30 төсекті провизорлық госпиталь, індетке шалдыққандармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулауға 30 төсектік карантиндік обсервациялық стационар дайындалып, жабдықталыпты. «Қамдансаң қапы қалмайсың» дегендей бұл іс те көңілден шықты.

Жалпы аудан көлемінде қосымша  обсервациялық госпиталь ретінде 5100 төсек-орын ұйымдастырылуда. Оның ішінде емдеу мекемелерінен 7, білім беру мекемелерінен 23, мәдениет саласынан 5 нысан бөлінген.

Аудандық орталық аурухананың емхана және стационар жанынан ЖРВИ-дің белгілері бар науқастарды емдеу үшін 2 емхана ұйымдастырылып, толық жабдықталды.

Медициналық ұйымдарда бетперде, дезинфекция және қол жуу ережелерінің сақталуы қамтамасыздандырылып, аурухана бойынша карантин, «бет перде» тәртібі енгізіп, бөлімдерде, дәліздерде қолды өңдеуге  дозаторлар  орнатылыпты.

Коронавирус инфекцияның клиникалық белгілері бар адамдарды ерте анықтау және оқшаулау мақсатында диспансерлік есепте тұрған (5 жасқа дейінгі балалар, жүкті келіншектер, қарт адамдарды) медициналық қызметкерлер тарапынан үй-үйді аралау, телефон соғу арқылы анықтау жұмыстары қолға алынуда. ЖРВИ, пневмония, катаральді және дене қызуының жоғарғы белгілері бар пациенттерді орталық аурухананың стационарының және емхананың сырттан кіретін есігі бар сүзгілер арқылы қабылданады. Ауданға қажетті мамандықтар бойынша дәрігерлерді тарту жұмыстары ұйымдастырылуда. Өңірге окулист, лор, эндокринолог, онколог, психиатр мамандар қажет екені айтылды.

Арнайы барған соң білім беру жүйесіне де көңіл аудардық. Ауданда 5428 оқушы білім беру мекемелерінде тіркеуде. «Қашықтан оқыту» кезінде сапалы білім беру үшін оқушыларды смартфон, компьютер құрылғыларымен қамтамасыз ету мақсатында 1335 компьютер мектеп есебінен берілді. Аудандық білім бөлімі үнемдеген қаржысы есебінен қосымша 63 ноутбук алынып, атаулы әлеуметтік көмек алатын 40 отбасына және 23 көпбалалы отбасына уақытша пайдалануға берілді. Аудан бойынша 2797 оқушы қажетті компьютермен қамтылды. Жалпы аудан мектептерінде 760 педагог жұмыс жасайды.

Әлеуметтік сала бойынша нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 20 адам жоспарланып, барлығы жұмысқа орналасқан. Ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 28 азаматқа 114,5 млн.теңге шағын несие берілгендігі тұрғындарға деген жанды қолдау.

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен Бақанас ауылындағы С.Сейфуллин көшесін жөндеу, Қарой ауылына саябақ салу, Бірлік ауылы Бөтешов көшесіндегі скверді абаттандыру жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанына куә болдық.

Жылыту маусымына дайындық барысында аудан бойынша сұйық отын, қатты отын тұрғындарға қажетінше жеткізілген. Газдандыру бойынша Бақанас ауылының көшелеріне газ құбырларын тарту жұмыстары басталып, 27 газ тарату нүктесін орналастыру және 68 242 метрге ауыл іші газ құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол саласын дамыту барысында жыл басынан бері аудан көлемінде тас қабатты жолдарға 22,2 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу, 1 млрд.127,0 млн.теңгеге күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша Ақдала, Ақкөл, Бақанас, Бақбақты, Балатопар, Бояулы, Бірлік, Бура, Қарой және Миялы ауылдарының 12 көшесіне 728,4 млн.теңге қаржы бөлініп, жолдар қалпына келтірілуде.

Ауданда тындырымды іс көп. Бұл орайда Ғалым Қасымұлының еңбегін ерекше атау керек. Аудан халқы мал азығы үшін жем-шөпті мол жинап алғандарын да айтты. Бұл да болса көңілге медеу. Биыл жауын-шашынның аз болғанын ойласақ, мал азығының жеткіліктілігі төрт түлік санының азаймайтындығын білдіреді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы