"БИОТЕХНОЛОГИЯДАН АРТТА ҚАЛДЫҚ": ТАЛҒАРДА ҒАЛЫМДАР БАС ҚОСТЫ

Уақыты: 23.10.2020
Оқылды: 1035
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талғар ауданы, Арқабай ауылындағы «Байсерке-Агро» агрокешенінің егістік алқабында бас қосқан мамандар өзара пікір алмасып, ой бөлісті. ҚР Ауылшаруашылық министрлігі мен Алматы облысы әкімдігі және «Байсерке-Агро» агрохолдингі ұйымдастырған бұл шарада аграрлық саланың озық технологиялары мен жетістіктері сараланды. Тақырыпқа орай, кешенді көрме ұйымдастырылды.

Айтулы іс-шараға «Байсерке-Агро» агрохолдингінің президенті Темірхан Досмұхамбетов және Қазақстандағы мал, егін, өсімдік шаруашылықтары ғылыми-зерттеу институттарының директорлары мен ғалымдары, Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Мұрат Теміржанов, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Сұлтан Дүйсембінов, ҚР Ауылшаруашылық министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Тілектес Есполов, Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешев және ауылшаруашылығы саласының жетекші мамандары қатысты.

Қазақстанда ауылшаруашылығы саласының көшбасында тұрған «Байсерке-Агро» көпсалалы агрохолдингінің жыл сайынғы жеткен жетістіктері мен толағай табыстары айрықша аталып келеді. Оған агрохолдинг мамандарының еліміздің маңдайалды ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп, жылдар бойы жаңа инновациялық технологиялар негізінде жұмыс жасаулары оң нәтижесін беріп қана қоймай, отандық өнім өндіруде рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізуде. Соның бірі, соңғы жылдардың мол жемісіне айналған «Виктория» қытай бұршағының әр гектарынан осы күнде орта есеппен 4-4,5 тонна, ал бітік шыққан тұсынан 7 тоннаға дейін өнім алынып, шаруашылық иегерлерінің мерейін тасытуда. Бұл өндірісті ғылыммен ұштастырған «Байсерке-Агроның» дәнді дақылдар өсірудегі алғашқы жетістіктері емес.

- Бұл күнде «Байсерке-Агроның» егістік алқабында соя өнімінің түсімі әр гектарға шаққанда 6-дан 8 тоннаға дейін жетіп отырса, жүгерінің орташа түсімі әр гектарға 18-ден 24 тоннаға дейін артып келеді. Бұл әлемдік деңгейдегі рекордтық көрсеткіш саналады. Бұған Рахым Оразәлиев, Абай Сағитов, Андрей Агеенко, басқа да ғалымдардың қосып отырған еңбектері ерекше. Жастары 80-нен асса да отандық өнім түрлерін көбейтумен қатар одан мол өнім алуға болатындығына күш-қуатын, қажыр-қайратын арнап келе жатқан академиктерден үйренеріміз көп. Осыны ескеруміз керек. Оған қоса, ғылымды дамыту мен жаңалық жасауда өткеннің емес, бүгіннің озық технологиясына жүгінудің маңызы зор болмақ. Бұрын тұқым тек шетелден алынса, қазір отандық тұқымдар енгізіліп, жер жағдайына қарай өсірілуде. Бүгінде «Байсерке-Агрода» 700 гектарға соя, 1000 гектарға жүгері егіліп, жиналуда, – деді «Байсерке-Агро» агрохолдингінің президенті Темірхан Досмұхамбетов.

- Шәкірттеріммен бірлесіп, 55 жылдық еңбек өтілімде 125 түрлі тұқым өндірсек, соның ішінде, 90 түрлі сорттан тұратын бидай тұқымының авторымын. Қазақстанның 70-80 пайызы біздің сорттарды себеді. Ресейдің 15 облысына себіледі. Сондай-ақ, Қырғызстанның 60 пайызы біз өндірген сорттарды сеуіп, мол өнім алуда. Айтайын дегенім, осының бәрі өзіміздің климатқа негізделген отандық тұқымдар саналады. Ең жақсы сорттар біздің ыстық пен суыққа төзімді боп келеді, – дейді 86 жастағы Қазақ ұлттық ғылым академиясының академигі Рахым Оразалиев.

«Байсерке-Агроның» бітік шыққан соя, жүгері алқаптарын аралаған мамандар рекордық өнімнің өсірілу технологиясымен танысты.

- Біз биотехнологияны пайдаланудан көп жылға артта қалып қойдық. Бұл салада дүниежүзі, Еуропа елдері әлдеқашан алға кетті. Ауылшаруашылығын өркендетуде жаңа технологияның пайдасы қыруар. Қазіргі кезде шетелдіктер жерді жыртпайды, біз де сол тәсілді пайдаланып, бұршақ тұқымын септік. «Виктория» деп аталған қытай бұршағының жаңа сортын жасаған, шәкіртім Андрей Агеенкомен бұл жұмысты 8 жыл бұрын бастаған болатынбыз. Оның студент шағы болатын. Агрокешенді жұмыстың, жаңа технологияның нәтижесінде өнімділігі жағынан әлемде теңдессіз тұқым алып отырмыз, – дейді ауылшаруашылық саласының көрнекті ғалымы, академик Абай Сағитов.

- Соя алқабында «Виктория» сортымен қоса, өзге де тұқымдар бар. Алғашқы жылдан бастап мол өнім берген бұл сорттың өзіндік ерекшеліктері бар. Келешекте әр гектарынан 10 тоннаға дейін өнім алуға биологиялық қабілеті жеткілікті, – деген жаңа сорттың авторы, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Андрей Агеенко осындай өнімділіктің нәтижесінде Жетісу жерін ғана емес, еліміздегі барлық шаруашылықтарын қытай бұршағының жоғары сортты тұқымымен қамтамасыз етуге қабілетті екендіктерін атап айтты.

Жиылған өнімнің жартысы агрохолдингтің қарамағындағы малды азықтандыруға жұмсалса, жартысы сатылымға шығарылмақ. Осы тұста тоқталар болсақ, «Байсерке-Агрода» ірі қара саны 7 мыңға жуықтаса, 12 мың бас қой, 1,5 мың бас жылқы өсірілуде. Жем түрінде берілетін бұршақтың малдың өсіміне, ет-сүт өнімінің құнарлы болуына тигізер пайдасы орасан зор.

- Іссапардың мақсаты – Талғар ауданындағы «Байсерке-Агро» серіктестігінің жетістігін саралап, технологиясымен таныса отырып, өзгелерге үлгі ету, тәжірибесін тарату. Себебі, аталған серіктестік аумағында ауылшаруашылық саласының барлық дәнді дақылдары, көкөніс түрлері мен асыл тұқымды малдары өсіріледі. Оның сапасы мен экологиялық тазалығы, тиімділігі орасан зор. Ал оны игеріп, үйретуде серіктестіктің алар орны айрықша, – деді ҚР Сенатының депутаты Сұлтан Дүйсембінов.

Ғылымға ден қойып, өндірісі өркен жайған «Байсерке-Агроның» егіс алқаптарында күзгі жиын-терін жұмыстары қарқынды жалғасуда. Биылғы жылы қант қызылшасының «Виваро» атты сортының өнімділігі өте жоғары нәтиже бергені жөнінде Қазақ жеміс, көкніс ғылыми-зерттеу институтының қант қызылшасы тобының меңгерушісі Шолпан Бастаубаева баяндады.

Сарыала егіс алқабының басындағы алқалы жиынға қатысушылар тоқсан ауыз сөзді – отандық өнім өндіруде заманауи технология негіздерін меңгерген мықты мамандар даярлау, жоғары оқу орындарының түлектерін осы салаға тарту, академиктердің білім-білігін сіңіріп қалуға күш салу, ғылым мен өндірісті бірлесе дамыту сынды толғамды ойларымен қорытындылады.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы