АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ҮНДІСТАНДЫҚ ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЛІСІМШАРТҚА ОТЫРДЫ

Уақыты: 06.11.2020
Оқылды: 1003
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ үндістандық инвесторларды қабылдады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кездесуде «Ism edutec», «IAMS» компаниялары мен «International Academy of medicine and sciences» ЖШС өкілдері облыс әкіміне жаңа жобаларын таныстырып, бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс білдірді.

Жиын барысында сөз алған «Ism edutec» компаниясының жетекшісі Фани Бушан:

– Келесі жылдан бастап облыстық ауруханаға заман талабына сай жаңа құрылғылар орнатып, 360 орынды стационар салсақ деген жоспарымыз бар. Оған 5,6 млрд.теңге қаржы бөлеміз. Сонымен қатар, кардиохирургия, онкология, балалар хирургиясы сынды жаңа бөлімшелер ашамыз. Жас мамандардың біліктілін арттыру үшін Үндістаннан соңғы үлгідегі технологияларды жетік меңгерген дәрігерлерді шақырту жоспарымызда бар. Сондай-ақ, Алматы облысындағы ақ халатты абзал жандарды Үндістанға жіберіп, тәжірибе алмассақ үлкен жетістік болар еді, – деді.

Инвесторлар құрылыс жұмысы келесі жылы басталса, шамамен 24 айда тәмамдайтынын жеткізді. Сонымен қатар, Талдықорғаннан бөлек, 8 ауданға медициналық көмек көрсетіліп отыратынын айтты.

Бұл мәселе бойынша Амандық Ғаббасұлы:

– Өте керемет жоба ұсынып отырсыздар. Әрине, біз медицинасы дамыған елдермен жұмыс істейтінімізге шын жүректен қуаныштымыз. Екі ел тәжірибе алмасып, жұмыс істесе медицина дамитыны анық. Біз ең бірінші кезекке сапа мен нәтижені қоямыз. Ең бастысы, облысқа қалтқысыз қызмет етулеріңіз керек. Облыстық ауруханада білікті медицина қызметкерлері өте көп. Індет кезінде басқасын айтпағанда, пульмонологтар ерен еңбек етті. Ақ халатты абзал жандардың арқасында кеселді жұқтырғандардың көбі жазылып шықты. Сондықтан, дәрігерлердің бірде-бірі жұмыстан шықпауы керек, – деді.

Кездесу барысында инвесторлар облыстық аурухананы барынша жаңа технологияларға толтыратынын, болашақта дәрігерлердің жалақысын өсіру жоспарда барын жеткізді.

Жиын соңында екі тарап келісімшартқа отырып, меморандумға қол қойды. Онда Алматыдағы облыстық көпсалалы клиникалық аурухана 30 жылға үнді компанияларының сенімгерлігіне берілетіндігі туралы жазылған.

Айдар ҚАЛИЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы