АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖОЛДАРДЫҢ САПАСЫ ҚАНДАЙ? БАСҚАРМА ЖАУАБЫ

Уақыты: 07.11.2020
Оқылды: 971
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жол – экономиканың күретамыры. Әлемде жол қатынасын қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін қыруар шаруа атқарылады. Елімізде де автомобиль жолдарын стандартқа сай ету бағытында көптеген шаруа жасалуда. Сол арқылы жүк тасымалы қарқынды өсіп, экономикалық көрсеткіш те жоғарылаған.

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Серік Самұратов онлайн режимде «Құтты мекен» партиялық жоба аясында өңірдегі жолдарды жөндеу, қайта қалпына келтіру және салу бойынша жүзеге асырылып жатқан шаруалар жайында баяндады.

Жалпы, Алматы облысы аумағында 9610 шақырым жол болса, оның 2822 шақырымы республикалық, қалған 6788 шақырым автомобиль жолының 6138,6 шақырымы облыстық, 649,4 шақырымы аудандық маңызға ие. Осы жолдарды күтіп-баптау және қайта жаңғырту бағытында қыруар жұмыс атқарылуда.

- Өңірдегі жолдардың 81 пайызының қазіргі жай-күйі жоғары сапаға ие. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 84 пайызға көтеріледі. Үстіміздегі жылы жол қатынасын жөндеуге, қайта жаңғыртуға 26 940 млн.теңге қаржы қаралды. Осы қаржының 10 009 млн.теңгесі республикалық жолдарға бөлінсе, 16 931 млн.теңгесі жергілікті жолдарды жөндеуге бөлінді. Жыл соңына дейін 507,6 шақырым жолды қайта жаңғырту көзделуде, - деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Серік Самұратов.

Онлайн негізде өткен шарада желі қолданушылары сұрақтарына тұщымды жауап алды. Бастысы, жол сапасының жақсара түскеніне кімнің болсын көңілі толатыны анық.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"