САПА ТҮЗЕЛМЕЙ, АПАТ АЗАЙМАЙДЫ: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ

Уақыты: 29.11.2020
Оқылды: 2008
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талай жылдан бері жауыр болып, айтылып та, жазылып та келе жатқан тақырыпқа тағы да тоқталғанды жөн санадық. Бұл жердегі мақсат та тым бөлек.

«Қазынаның есебінен жыл сайын қыруар қаражат жұмсалады. Бірақ, нәтижеге келгенде «айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарадының» кері. Салынған жолдардың сапасы сын көтермейді» деген пікірлер де айтылып жатады. Және ол орынды шығар. Кім болса да алысты жақындатып, адамды діттеген жеріне тез жеткізетін тақтайдай түзу жолдардың болғанын қалайды ғой. Алайда барлығы біз ойлағандай соншалық күрделі ме?! Үміттің табы білінбейді дегенге іштей иланғың да келмейді екен. Хош. Тере бергенге мін еш уақыт түгесілмейді.

Әңгіменің әлқиссасын сонадайдан тарқатып көрсек. «Көшің көлікті болсын!» деп бата береді қазақ. Ал көліктің күрежолсыз күні қараң екені, сәйкесінше, кез келген мемлекеттің экономикасы осы инфрақұрылымсыз дами алмайтыны, көші қарқынды ілгерілемейтіні лажсыз дүние. Жол сапасы халықтың тұрмыс деңгейіне, экономиканың дамуына тікелей әсер етіп қоймай, елдің әлеуметтік-саяси жай-күйінде де маңызды рөл атқарады. Көлік жолдары кеңейген сайын мемлекеттің өркендеуінің, халықтың әл-ауқатының жаңа көкжиектері, зор мүмкіндіктері ашыла түспек. Былай қарағанда барлығы айдан анық болып көрінеді. «Ал іске асыруға келгенде неге тұралап қаламыз?» деген заңды сауал туындайды.

Мамандардың айтуынша, автожолдардың даму қарқыны елдің экономикалық өсу серпініне сәйкес болуға тиіс. Бұл заңдылық әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Ал біздің «реали» жағдайымызға аз-маз көз жүгіртіп көрелік: 2020 жылғы автомобиль жолдарының сапасы бойынша рейтингте (The Global Economy) Қазақстан 141 елдің ішінде 93-ші орынға орналасыпты.

Дегенмен, сарапшылар біздегі жолдардың сапасын Моңғолия, Уганда, Эфиопиядан да төмен бағалауда. Посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер де рейтингтің соңына қарай жайғасқан. Мәселен, Ресейдің өзі 99-шы орында тұр. Армения бізден бір саты жоғарырақ, яғни 92-ші орынға тұрақтаған. Мамандардың байламынша, әлемдегі ең нашар жолдар Гаити, Конго және Мауританияда екен.

Биыл да бірнеше жыл қатарынан Сингапур, Нидерланды, Швейцария, Гонконг, Жапония, Австрия, Біріккен Араб Әмірліктері, Португалия, Оңтүстік Корея, Испания сынды жер аумағы жағынан шағын мемлекеттер рейтингтің жоғары сатысынан көрінді. Бұл статистиканы тектен-тек келтіріп отырғанымыз жоқ.

Жол  қауіпсіздігі – көптеген мемлекеттердің әлеуметтік және экономикалық дамуына тікелей әсер ететінін ескерсек, ойланатындай-ақ жағдай. Өйткені, жыл сайын әлемде жол апаты салдарынан 1,25 миллион адам қаза тауып, 50 миллион адам түрлі жарақаттар алады. Бұл дегеніміз өз кезегінде малярия мен ЖҚТБ (СПИД) сияқты ғасыр дерттерінен болатын адам шығынан да анағұрлым көп. Апат кесірінен көбіне 19-29 жас аралығындағы жастар қаза табады. Бұған қоса, жол апаты кесірінен кедейлікке ұшырап жатқандар да көп. Денсаулық сақтау жүйесіне кері әсерін тигізетін негізгі факторлардың бірі де – осы. Жол апатының салдарынан әлем мемлекеттері орташа есеппен ЖІӨ-нің 2-4 пайызын жоғалтады.

Біздің еліміз жыл сайын жол апаттары салдарынан 9 миллиард долларға шығынданады, бұл – ЖІӨ-нің 4 пайызына тең. Аймақаралық инфрақұрылымды дамытуға арналған  инвестицияларды пайдаланушы мемлекет екендігімізді ескерсек, бұл ойлантарлық мәселе.

Онымен қоса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жол қауіпсіздігі бойынша 52 мемлекетте  жүргізген зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан жол апатынан қаза табу көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Жол сапасының төмендігі – елдегі адам өлімінің ең басты себептерінің біріне айналып отыр.

Мамандардың есептеуі бойынша, Қазақстан тас жолдарының 17 пайызы халықаралық стандарттарға сай емес. Тас жолдардың тек 3 пайызы ғана жоғары  халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Соңғы он жылда Қазақстанда тіркелген көліктердің саны екі есеге көбейгенін назарға алатын болсақ, бұған да бас ауыртуымыз керек. Сондай-ақ, халқының 40-45 пайызы ауылдық жерде тұратын Қазақстан үшін мектепке, ауруханаға және жұмысқа баратын жолдың қауіпсіздігі аса маңызды рөл атқарады. Инфрақұрылымды дұрыс жобалап қана қоймай, жүргізушінің жолдағы тәртібін жақсартып, қоғамдағы көлік жүргізу мәдениетін өзгерткенде ғана жолдар қауіпсіз бола түседі.

Сарапшылар тас жолдардағы апат ықтималдығы мен жолдың бір километрінде көліктердің қақтығысу ықтималдығын анықтап, негізгі себеп ретінде – басып озу кезіндегі қателіктер мен жылдамдықты шамадан тыс арттыру дерегін алға тартады. Алайда жол апатының себеп-салдарын зерттеуші мамандар көбіне жүргізушінің қателіктеріне көп мән береді де, жол сапасының төмендігі сияқты факторларды елемей жатады. «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, бұл жердегі мәселе де екі түрлі ойлануды талап етеді.

Әлбетте, жол апаттарының алдын алуға болады. Ол үшін ең алдымен жолдардың сапасын жақсарту керек. Өйткені, жол сапасының апат статистикасына тікелей әсер ететіндігі дәлелденген. Дамыған мемлекеттер 1960 жылдардан бері жолдардың сапасын көтеру арқылы апат санын айтарлықтай азайтқан. Демек, бұдан шығатын қорытынды – жол сапасын жақсарту арқылы елдегі өлім-жітім көрсеткішін анағұрлым азайтуға болады деген сөз. Ал, демографиялық өсімнің ел экономикасына айтарлықтай әсер ететіндігін біз айтпасақ та болжай беріңіз.

Сонымен, бірлі-екілі түйткілді мәселенің түйінін ағытқандай болдық. Алайда тек қана сынап-мінеумен іс бітпейтіндігін тағы да баса айтуға мәжбүрміз. Жоғарыда атап өткен мәселелер туындады делік. Туындай береді де.

Енді осыны ретке келтіретін де шешім болуға тиісті ғой? Қарапайым логика.  Міне, осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 наурыздағы №131 қаулысымен Облыстық Жол зертханасы РММ-ны қайта құру жолымен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК құрылған болатын. Оның 14 облыста және республикалық маңызға ие 3 қалада 17 филиалы бар.

Аймақтағы зертханалар бұрын жол сапасын тексеріп, оның кем-кетіктерімен күресіп келсе, жаңа кәсіпорынның міндеті одан да кеңейіп, ауқымы артып отыр. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-ның басты мақсаты – жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау болып табылады. Сондай-ақ, «нәтижеге назар аудару», «жариялылық», «сапа мен тиімділікке ұмтылу», «кәсіби командалық жұмысты қалыптастыру» және «қағазбастылықтан арылу» сынды қағидаттар бойынша жұмыс жасайды.

Қазіргі күні жолдың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында жол активтерін басқару жүйесі мақсатты түрде жүзеге асырылуда. Енді, аталған жүйе бойынша жолдардың нақты жағдайын бағалауға, жөндеудің ұтымды стратегиясын жасауға мүмкіндік ашыла түспек. Одан бөлек, осы жүйе арқылы кез келген қолданушы жол саласында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысып, жұмыстың қай уақытта басталып, қашан аяқталатыны жөнінде хабардар бола алады. Сонымен қатар, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары мен елді мекендердегі, қала көшелеріндегі жүргізілген жұмыстарға және қолданылатын материалдардың сапасына сараптама жасауды да назардан тыс қалдырмай келеді.

Одан өзге, Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын талапқа сай дайындауды жұмылдыру шараларын жүзеге асыру және де жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылау да осы мекеменің негізгі құзыретіне кіреді.

Қорыта қайыратын болсақ, дүрлігуге дәніккенше, Орталық Азиядағы дәнекер елге айналудың қамын күйттеген әлдеқайда абзалырақ па деймін. Бұл – «барлығы керемет, барлығы тамаша» деген байлам емес әрине. Орын алған олқылықтар мен қара басқан қателіктердің саны азаяр, сапа артар. Ол уақыт еншісіндегі шаруа. Бірақ та бір нәрсе анық: біз – автожолдардағы ахуалдарды анықтау және жол сапасын жақсарту арқылы алдыңғы қатарлы мемлекеттер санатына көтерілуге тиіспіз. Жоғарыдағы зерттеуде көрсетілген инфрақұрылымдарды дамытқан жағдайда – Еуропа мен Азия арасында пайда болатын жаңа транспорттық дәлізге кірудің және одан пайда көрудің мүмкіндіктері ашыла түспек.

Темірлан АЙТБАЕВ

Алматы облысы