АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ШАРУАШЫЛЫҚ ИЕЛЕРІНЕ ТРАКТОР КІЛТІН ТАБЫСТАДЫ

Уақыты: 04.12.2020
Оқылды: 726
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ауылшаруашылығы қызметкерлері күніне орай Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ агро салада өнімді еңбек етіп жүрген іскер азаматтармен кездесіп, аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Осы орайда бір топ азамат түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Оның бірқатарын облыс басшысы өзі тапсырса, қалғандарын онлайн режимде аудан, қала әкімдері табыстады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Облыс тұрғындарының 80%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Содан кейін де аграрлық саланың дамуы халықтың әл-ауқатын көтерумен тығыз байланысты. Биылғы жыл барлық салаға оңай тиген жоқ. Десе де, облыс тұрғындарының тынымсыз еңбегінің арқасында ауылшаруашылығы саласының қызметкерлері жоспардың бәрін ойдағыдай орындап, жылды жақсы көрсеткішпен қорытындылауда.

Мұндай жетістікке жетудің де сан түрлі себебі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет дер кезінде аталған саланы қолдау шараларын қабылдап, тыңғылықты жұмыс істегендіктен көктемгі егіс жұмыстары, күзгі жиын-терін, қысқа дайындық уақытылы жүргізілді. Сондай-ақ, облысқа көктемгі егіс жұмыстарына «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы берілген 1,1 млрд.теңге жеңілдетілген несиенің де көп көмегі болғанын айта кеткен жөн.

– Биылғы жылы облыстағы егіс алқабының көлемі 7 мың гектарға артып, 968 мың гектардан асты. Ауа райының құрғақтығына қарамастан облыс еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында 1,4 млн.тонна дәнді дақыл жиналып, гектар берекелігі 30 центнерден айналды. Жүгерінің шығымы гектарына 67,2 центнерден болып, 581 мың тонна өнім жиналды. Қант қызылшасынан орта есеппен гектарына 380 центнерден өнім алынса, жекелеген шаруашылықтар бұл көрсеткішті 600-800 центнерге жеткізді. Мал басы мен өнім өндіру өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 3,5%-ы өсіп, 107 мал бордақылау алаңы құрылды. «Сыбаға» бағдарламасының арқасында мал басы өсіп, ет пен сүт өндірісін арттыру мақсатында стратегиялық инвесторлар мен трансұлттық компанияларды тарту қарқын алды. Мәселен, «Тайсон фудс» америкалық компаниясының ірі қара етін өңдейтін зауытын, германиялық инвестор «Бауман» компаниясының ұсақ мал етін тереңнен өңдейтін жобасын айтуға болады. Құс етін (83 мың тонна) өндірудегі облыстың үлесі 39 пайызды құрап, республикада алдыңғы орынға шықты. Жеті жыл тоқтап тұрған «Отан Грин Фуд» құс фабрикасы қайта жаңғыртылды. Облыста сүтті мал шаруашылығын өркендету аясында биыл 2,4 мың басқа арналған алты ферма құрылды, жыл соңына дейін екі мың басқа арналған тағы алты ферма іске қосылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігін тапсырған еді. Биылғы 10 ай ішінде аймақта 766,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Тамақ өнеркәсібінде 418 млрд.теңгенің азық-түлігі шығарылды. Оның ішінен 110 млн.АҚШ долларының өнімі экспортқа жіберіліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,2 есеге артты. Ауылшаруашылығына тартылған инвестиция көлемі 50,9 млрд. теңгеге жетіп, 25 инвестициялық жоба іске қосылды. Жалпы қабылданған шаралар нəтижесінде жыл соңына қарай ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 900 млрд. теңгеге жетеді деп күтілуде, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Осыдан кейін облыс әкімі жыл бойы аймағымыздың ауылшаруашылығы саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар кәсіпкер азаматтар мен шаруа қожалықтарының иелерін марапаттады. Сол қатарда «Еңбек ардагері» медалімен Ақсу ауданы «Марлен-А» ЖШС жетекшісі Әміров Мұсеке, Ескелді ауданы «Романенко» шаруа қожалығының басшысы Виктор Романенко, Сарқан ауданы «Самал» шаруа қожалығының басшысы Ермек Қалиев, сондай-ақ, «Үздік ауылшаруашылық тауар өндірушілері» байқауының жеңімпаздары Балқаш ауданының «Агроферма Бірлік» ЖШС-нің басшысы Алмас Қыстаубаев, Жамбыл ауданының «Шалтабаева Ж.Е» шаруа қожалығының басшысы Талғат Сеңгірбаев марапатталды. Жамбыл мен Балқаш ауданынан үздік танылған шаруа қожалықтарына І дәрежелі диплом және «МТЗ-82» тракторы берілді. Пандемиялық жағдайға байланысты биыл шаруа қожалықтары жұмысының да шатқаяқтап қалғаны анық. Сонда да тынымсыз еңбек, жүйелі жұмыстың арқасында жоспарын табанды жүзеге асырған шаруашылықтар аймақтың аталған саладағы үлесін еселей түсуге үлес қосты.

– Биылғы жыл қанша қиын болса да балқаштықтар жақсы көрсеткішке жетті. Ауданымызда егіс алқабы 6 мың гектардан астам. Қазіргі таңда 3500 гектардан астам күріш, бидай алқабы толығымен жиналып, қамбамызға 4600 тонна бидай, 7200 тонна күріш жиналды. Өзім басқаратын серіктестікте 250-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа еңбекақысы 100 мың теңгені құрайды. Биыл соңғы үлгідегі екі комбайн, екі трактор сатып алынып, шаруамыз ілгері басты. Күріш ақтайтын зауытымыз толыққанды жұмыс істеп тұр. Алматы қаласы мен облыс тұрғындарын ақталған күрішпен қамтамасыз етіп келеміз. Енді Ресей, Қырғызстан сияқты көрші елдерге экспорттауға келісімшарт жасалуда. Бізде егін және мал шаруашылығы қатар жолға қойылған. Бүгінде 5 мың бастан артық ірі қара, мың бастан астам жылқы, бес мың басқа жуық қой өсірілуде. Қыстық мал азығына 10 мың тонна шөп, 15 мың тонна жоңышқа дайындалды. Сонымен қатар, биыл жағдайы төмен отбасыларына 20 млн.теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсеттік, – дейді Алмас Қыстаубаев.

Өз кезегінде Жамбыл ауданының «Шалтабаева» шаруа қожалығының басшысы Талғат Құрманбекұлы да осындай жетістіктерімен бөлісті. Биылғы Ауылшаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салта- натты шара осындай игілікті істермен қорытындыланды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы