АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҮШ ЖЫЛҒА ЖОСПАРЛАНҒАН БЮДЖЕТІ БЕКІТІЛДІ

Уақыты: 18.12.2020
Оқылды: 819
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облыстық мәслихатының кезекті 64-сессиясы онлайн режимінде өтті. Сессия жұмысын мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Серік МҰҚАНОВ ашып, маңызды екі мәселе қаралатынын жеткізді.

Алғашқы мәселе – Алматы облысының 2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджетін бекіту. Бұл турасында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Рауан Дәуіталинов баяндама жасады. Облысымызға келер жылға мемлекет тарапынан берілетін қаражат 190,9 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл қаражат ішкі істер органдары қызметкерлерінің сыныптық біліктілігі үшін сыйақы мөлшерін ұлғайтуға, учаскелік полиция инспекторларына тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы төлеуге, ішкі істер органдары мен кейбір мемлекеттік қызметкерлер, педагогтар жалақысын көтеруге, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жәрдемақы мөл- шерін көбейтуге, тағы басқа да мақсаттарға жұмсалмақ.

Мемлекеттік кірістер бойынша облыс бюджеті 300 млрд. теңгені құраған. Бұл қаржы облыстың басқару органдарын ұстауға, мемлекеттік органдардың 11 әкімшілік ғимаратын күрделі жөндеуге, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою бойынша іс-шараларға, апаттық құтқару қызметтерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталмақ. Білім беру жүйесі бойынша үш жылға арналған облыстың ағымдағы бюджеті 1,1 трлн.теңгені құрамақ. Ол 12 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізуге, 30 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге, оқулықтар мен оқу-әдістемелік нысандар сатып алуға, басқа да шығындарға жұмсалмақ.

Бір айта кетерлігі, алдағы жылдан бастап ҚР Бюджет кодексіне, «Білім туралы» және «Жергілікті мемлекеттік басқару» Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне сәйкес білім беру саласының функциялары мен аудандық спорт мектептерінің қызметі басқарманың аудандық деңгейінен облысқа толығымен берілмек. Білім беру саласында жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттік қамтамасыз ету, оларды жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету аудан-қала әкімдерінің құзыретіне жатады.

Денсаулық сақтау саласына 43,8 млрд.теңге қарастырылуда. Бұл денсаулық сақтау мекемелерін ұстау, кадрлар біліктілігін арттыру және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандар даярлау, вакциналар мен дәрі-дәрмектік препараттарды сатып алу және басқа да мәселелерді шешуге бағытталмақ. Әлеуметтік салаға 138,6 млрд.теңге бағытталуда. Бұл ретте облысымыздың медициналық-әлеуметтік мекемелерін ұстау, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегін төлеу, туберкулездің ауыр түрімен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмек көрсету, жеке көмекшілердің қызметіне ақы төлеу, мүгедектерге қоларба, протездер сатып алу, шипажайкурорттық емдеу, тұрғын үй сертификаттарын беру, еңбек нарығын дамыту көзделген.

Бұдан басқа да тұрғын үй-коммуналдық, ауыл, орман, су шаруашылықтары, көлік және коммуникация, кәсіпкерлік, ветеринария, мәдениет, спорт, туризм, ішкі саясат салалары бойынша да өзекті болып табылатын бағыттарға бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Депутаттар облыстың алдағы үш жылдық бюджетін бір ауыздан мақұлдады.

Сессияда ауылшаруашылығы жануарларын жаюдың қағидалары қарастырылды. Осы орайда өз ой-пікірлерін білдірген халық қалаулылары бүгінгі күнге дейін өзекті болып келген мал жайылымы мәселесіне қатысты нақты ұсыныстарын айтып, халықтың жан айқайын жеткізді. Бұл мәселе мал жаю ережесін бекіту аясында шешімін таппақ.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды