АМАНДЫҚ БАТАЛОВ КОРЕЯМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ОДАН ӘРІ НЫҒАЙТТЫ

Уақыты: 23.12.2020
Оқылды: 708
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Алматы қаласындағы Корея мемлекетінің Бас консулы Ким Хын СУ мырзамен кездесті. Ресми басқосуда қос тарап денсаулық сақтау, туризм, электроника салаларын дамыту бойынша өзара іскерлік байланысты арттырып, бірлесе жұмыс істеу мәселесін көтерді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Амандық Ғаббасұлы алдымен келген қонақтарға Жетісу жерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында қысқаша айтып берді.

– Жер жаннаты Жетісу жеріне қош келдіңіздер! Өздеріңіз білесіздер, Алматы облысы еліміздің ең үлкен аймақтарының бірі саналады. Территорияда екі миллионнан аса халық бар. Алматы қаласы да облыспен шектеседі. Сондай-ақ, аграрлы аймақпыз, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, мал, өсімдік шаруашылығы да алдыңғы қатарда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу істері өркендеп келеді. Соңғы кездері Елбасының индустрияландыру бағдарламасы аясында аймақта көптеген өнеркәсіп орындары мен зауыттар салынып жатыр. Ірі-ірі кәсіпорындар жетерлік. Біздегі табиғи жағдай туризм саласын дамытуға өте қолайлы. Алакөл, Балқаш көлдері мен әдемі тауларымыз, тарихи өлкелеріміз менмұндалайды. Аймақта жүзден аса ұлт өкілдері тұрады. Соның ішінде кәріс ұлты да бар. Олар қай істе болсын өздерін жақсы қырынан танытады және өте еңбекқор. Мәселен, ауыл шаруашылығы бойынша ісін дөңгелентіп, алдыңғы шептен көрініп отырған «Нам» шаруа қожалығы біздің мақтанышымыз. Басшысы Нам өз ісінің білгірі, – деп ойын өрбіткен аймақ басшысы Үштөбе қаласында кәріс халқының көптеп қоныстанғанын және олардың сол өңірге қалай келгені жайында жан-жақты айтып берді. Шағын және орта кәсіпкерлік саласы мен транспорттық инфрақұрылым жақсы даму үстінде екенін де сөз етті аймақ басшысы.

Өз кезегінде Ким Хын Су мырза аймақ басшысына алтын уақытын бөліп, жылы қабақ таныта отырып қарсы алып, кездесу өткізгеніне алғысын айтты.

– Сіздерге келіп, аймақтарыңызбен танысқанымызға өте қуаныштымыз. Айтып отырғандарыңыздай, кәріс диаспорасының басым бөлігі Алматы қаласы мен облысында орналасқаны Корея үкіметі үшін өте маңызды. Біздің сіздермен бірлескен көптеген жобаларымыз бар. Солардың бірі көпшілікке БАКАД атымен мәлім құрылыс жобасының іске асырылуы. Бүгінгі таңда коронавирус пандемиясына байланысты бұл жұмыстар біраз кешеуілдеп жатыр. Десек те, 2024 жылға қарай жолдың құрылыс жұмыстары толық аяқталады деген сенімдеміз. Ауыл, мал және өсімдік шаруашылықтары бойынша да бірлесе атқарылып жатқан істер жетерлік, – деді Бас консул. Сонымен бірге, ол денаулық сақтау саласы бойынша облыс науқастарына диагностикалық және терапиялық шаралар ұсыну бойынша «Хюндай» клиникасының мамандарымен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстар жайында әңгімеледі.

Айта кетейік, 2018 жылы оңтүстік кореялық «Хёнде» клиникасымен денсаулық сақтау саласы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Аталған жылдан бастап Талдықорған қалалық көпсалалы аурухана базасында «Хёнде» клиникасының мамандарымен қайырымдылық акциясы өткізілуде. Науқастар травматология, ортопедия, хирургия, кардиология, неврология, терапия, ультрадыбыстық диагностика бағыттары бойынша қабылданады.

Жақсы жолға қойылған байланыстардың арқасында Оңтүстік Кореяның «Хёнде» клиникасы екі жыл ішінде Талдықорған қаласы мен Қаратал өңірінде 2700-ден астам адамды ақысыз қарады. Нәтижесінде 1200 адам емделіп, 37 операция, дәрігерлерге 60 шеберлік сыныбы өткізілді. Болашақта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Клиникалар мамандардың біліктілігін және медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша тәжірибе алмасады. Осы жайында егжей-тегжейлі әңгімелеген Бас консул кәріс халқына танытқан ерекше ықылас үшін өз ризашылығын білдіріп, осындай достық қарым-қатынас пен жылы кездесулер алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенім артты.

Денсаулық сақтау саласы бойынша қазақстандықтарға көмек көрсетіп жатқан кәрістерге өзінің ізгі ниетін жеткізген Амандық Ғаббасұлы: «Егер мүмкіндік туып жатса, сіздер біздің аймаққа медициналық көмек көрсету үшін бірлесіп клиника ашсақ деген ниетім бар. Ол үшін қажетті жағдайдың бәрін жасайтын боламыз. Өйткені, біздегі халықтың сіздердің елге барып емделуге мүмкіндігі келе бермейді. Корей елінде медицина саласы өте жақсы дамыған ғой әрі сапасы да жоғары. Сондықтан, осы жағын ойластырсаңыздар дегім келеді», – деді.

Осы бағытта қол ұшын беруге барынша әзір екендіктерін және айтылған ұсыныс-тілектің бәрі назарға алынатынын айтқан Ким Хын Су мырза бұл мәселенің көп кешікпей өзінің оң нәтижесін беретініне сенім білдірді. Амандық Ғаббасұлы сондай-ақ, бірлесе туризм, электроника саласын дамытуға да болатынын құлаққағыс етті. Кездесу соңында қос тарап өкілдері естелік суретке түсіп, бір-біріне сыйлықтар табыстады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы