АЛДАҒЫ УАҚЫТТА СУДЫ ЫСЫРАП ҚЫЛМАЙ ТҰТЫНУ ЖОСПАРЫ ЖАСАЛАДЫ

Уақыты: 02.01.2021
Оқылды: 1063
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Үлкен Алматы каналына көп жылдан бері кешенді жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Алдағы уақытта аталған каналдағы су ресурстарын тиімді пайдалану үшін су тұтыну жоспары жасалады. Бұл туралы «Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының директоры Серікқали Мұқатаев мәлім етті.

Оның сөзінше, 2020 жылдың вегетациялық кезеңінің қорытындысы бойынша филиал бастамасымен жұмыс тобы құрылып, Үлкен Алматы каналы балансына кірмейтін барлық канал инвентаризациядан өткізілген.

- Үлкен Алматы каналының жалпы ұзындығы 168 шақырым, оның 149 шақырымы біздің, қалғаны қалалық әкімдіктің балансында. Өткен вегетациялық кезең ауылшаруашылығы өндірушілерінің суды егістік деңгейінде нашар басқаратынын көрсетті. Сондықтан, біз вегетациялық кезеңнен кейін барлық фермерді, ауылдық өндірістік кооперативтерді суды тиімді пайдалануға шақырдық, – деп атап өтті филиал директоры.

Бұдан бөлек, жұмыс тобы құрылып, барлық каналдың жағдайы тексеріліп, қандай егістік алқабы пайдаланылмай жатқаны анықталған. Одан кейін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларына су пайдалану жоспары белгіленген.

Су пайдалану жоспарына сәйкес, вегетациялық кезең басталар алдында әр ауылшаруашылығы өндірушісі үшін белгілі бір уақытқа лимит белгіленеді. Осылайша, фермерлер тиімді жұмсауды негізге ала отырып, жеткілікті көлемде су алады. Сонымен бірге, барлық егістік алқаптарының электронды картасы құрылып, қайда қанша су барып жатқаны бақыланады.

Үлкен Алматы каналы кешенді жөндеуден өтпегені белгілі. Бұл мәселені шешу үшін әкімдіктің қолдауымен оны су ресурстарын басқару туралы мемлекеттік бағдарламаға қосуға шешім қабылданған. Су ресурстары комитетінің және «Қазсушар» мекемесінің қолдауымен қазір каналды кешенді жөндеуден өткізу мәселесі шешіліп жатыр. Бұдан бөлек, министрліктің су ресурстары комитетімен бірлесіп, апатты жағдайдағы бірнеше учаскені кешенді жөндеуден өткізудің жобасы дайындалуда. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтсе, жұмыс басталмақ.

Орталық Азияның делегациясы құрамында Австралияға барған сапарынан алған тәжірибесімен бөліскен Серікқали Мұқатаев: «2012 жылы Австралияның су ресурстарын басқару бойынша тәжірибесімен танысу үшін елдің бірнеше штатын біріктіретін Мюрен-Дарвин бассейніне бардық. Елде ұзаққа созылған қуаңшылық әсерінен 1994 жылы реформа басталып, Ұлттық су комиссиясы құрылған. Реформаға сәйкес әр фермерге су пайдалану құқығы берілді. Бұл құқықты олар актив, кепіл зат немесе сату-сатып алу заты ретінде қолдана алған. Бір айта кетері – Австралияда судың 1 текше метрі 1 доллар тұрады. Ал бізде – 33 тиын. Аталған реформалар Австралияға есептеуіштерден бас тартып, су есебін қашықтан жүргізуге мүмкіндік берді. Автоматизация каналдарды бақылаудың тиімділігін арттырады», – деді. Сондай-ақ, ол Бартоғай су қоймасы бөгетінің сейсмикалық жағдайларға төтеп беру деңгейін көтеру үшін шаралар қабылданып жатқанын айтты.

Бартоғай бойынша жобаға су қоймасы нысандарының сенімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының кешені енгізілген. Айта кетейік, Үлкен Алматы каналы – гидротехникалық құрылыс. Шілік және Шамалған өзендері аңғарларын қосады. Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Қарасай аудандары жерімен ағады, Алматы қаласын шығыстан батысқа қарай қиып өтеді. Аталған канал облыс тұрғындарын ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуді түбегейлі жақсарту үшін салынған.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан