Жұмыс қарқыны бәсеңдемейді

Уақыты: 23.05.2017
Оқылды: 1277
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов Жаркент өңіріне арнайы іссапармен келіп, аудандағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Лаззат Махатұлымен бірге Панфилов ауданының әкімі Бердәулет Абдулдаев пен салаға жауапты тұлғалар жүрді.

Сапар «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы Нұркент ауылында салынып жатқан Панфилов ауданындағы баспана алу кезегінде тұрған тұрғындар үшін әрқайсысы 60 пәтерлі екі үйдің құрылыс жұмысын көруден басталды. Бұл пәтерлердің жалпы аумағы 6341, 68 шаршы метрді құрайды. Сметалық құны 885,5 миллион теңге, үйлерді салу Ринат Рысқұлов жетекшілік ететін «New Construction» құрылыс ұйымына келісімшарт бойынша жүктелген. Келісімшартқа сәйкес құрылысы 2015 жылы басталып, биылғы мамыр айының соңына дейін пайдалануға берілуге тиіс. Өткен екі жылда құрылысшылар 830 миллион теңге игеріп, көпқабатты үйлердің жалпы атқарылатын жұмысын тамамдаған. Биыл келісімшарт бойынша қалған 42,9 миллион теңге бөлініп, нысанды пайдалануға беру істері атқарылуда. 
Жақында бұл үй пәтерлеріне кезекте тұрған тұрғындар қоныстанбақ. Алдағы жаздың алғашқы күндерінде қоныстандырушыларын қуантуға дайын тұрған үйдің сапасы мен сәнін көріп көңіл демдеген құрылысқа жауапты мамандар шілде айында болашақта төрт жүзден аса отбасыға заман талабына сай баспана тұрғызылатын Қорғас ауылын бетке алды. Шекара түбіндегі болашақ жаңа қалашықтың инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысы қарқынды жүруде. «Альтайр» кәсіпорны қолға алған инженерлік-коммуникациялық жүйенің жалпы ұзындығы 40,6 шақырым. Өткен жылдың қазан айында басталған жұмыстың басым бөлігі іске асыпты. Атап айтқанда, ауызсу жүйесінің 60 пайызы, жарықтандырудың 80 пайызы атқарылып, көшелерге асфальт төселуде. 
Құрылыс жұмыстарының барысын облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т. Бектасов таныстырды. Лаззат Махатұлы өңір басшысына мемлекет қаржысына салынған дайын инфрақұрылымы бар болашақ қаланың алғашқы қоныстанушыларына үлескерлік немесе жалгерлік жолмен салған үйлердің тиімділігін айтты. Биыл ауданда құрылысы қарқынмен қолға алынған төменгі Пенжім ауылындағы фельдшерлік акушерлік пункттің сметалық құны 102, 205 миллион теңге. Өткен жыл соңында іргетасы қаланған нысанның құрылысы аяқталуға таяу. Бұрын орталықтан шеттеу орналасқан елеусіз шағын ауыл «Құрғақ порт» сынды ірі халықаралық жобамен іргелес. Болашақта бұл ауыл бүйірінен орын тепкен теміржолшылар қалашығы Нұркентке, округ орталығы Пенжімге қосылып, қала типті елді мекенге айналуы тиіс.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаркент қаласының шығыс бөлігінде жасалып жатқан «Инженерлік коммуникациялық құрылыс» нысанын да аралады. Өткен жыл соңында жер бөлініп, бастау алған құрылыс жұмыстарының жартысына жуығы атқарылған. Алдағы жылы талапқа сай инженерлік коммуникациясы мемлекет қаржысына салынған аймаққа жер кезегінде тұрған қала халқы жер телімін алып, тұрғын үй сала бастамақ. Жаркент қаласындағы 300 орынды жаңа мектеп құрылысы толық аяқталып, алдағы оқу жылының басында пайдалануға берілмек. Дегенмен келген қонақтар жаңа мектеп үйінің кейбір тұстарынан қабырғаларына сызат түсіп жарылғанын, жылу жүйесінің басқа да тұстарындағы кемшіліктерді байқап қалды. Мердігер құрылыс ұйымының басшыларына осы кемшіліктерді талапқа сай жедел жөндеу тапсырылды.
Панфилов ауданы.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ